замандастарының арасында беделді адам болған. Колхоз құрылысына белсене араласып түрлі қара жұмыстарды атқарады.
Мақсұтхан Тирмизиұлы Ақыштың кітабынан үзінді.
ТҮЛКІБАЙ МЕН ҚОЙЛЫБАЙ
Шежіреге қысқаша үңіліп өтейін. Қазақта мынандай қанатты сөз бар: «Бай болсаң Бапақтай бол, Азнабай Сапақтай бол». Бұл сөздің төркіні өте тереңде жатса керек. Бапақтай асқан бай болу, төрт түлігі сай болу, көргені толған ай болу көрінген адамның маңдайына жазылмаған дүние шығар. Мұндай болмыс, мұндай байлық, мұндай бесаспаптық мәрмәр ойлы да, қажырлы кісінің ғана алақанына қонатын «бақыт құсы». Сонымен, қысқаша шежіренің кезегі келіп жетті: Бапақ – Байсары – Тұрғынбай. Тұрғынбайдан: Көпбай, Әйміш, Сәти. Көпбайдан: Түлкібай. Әйміштен: Ырымжан. Сәтиден: Рамазан. Әнипа Ырымжанның әйелі Төлеубек бидің апасы. Қай кезде де адамдар арасында бір түйір жер үшін егес, күрес, тартыс болып тұрғаны айдан анық, ақиқат. Тұғырлы татулық түйткілін, жер мәселесін ойластырып, Бапақ әулетін қазіргі «Сәти» деп аталатын төңірекке Шорман би орналастырған. Кезінде Байсары мен Тұрғынбай старшын шенінде, ал Төлеубек би дәрежесінде ғұмыр кешкен.
Молдежный ауданында, осы уақытқа дейін «Түлкібай бұлағы» бар. Бірде көршісі Түлкібайға былай дегені бар: «Торыала бие жан атаулыны өзінің маңына жолатпайды, ол ешбір жылқышыға ұстатпайды». Бір күні сол бие үшті-күйлі, із-түзсіз жоғалып кетеді. Иесі жыл бойына іздеп, бие ізіне түсе алмайды. Кешқұрым, сөз арасында Түлкібай: «Құрдас, есіңде ме қыс уағында шеке мен телшікті сүйсініп жегенің? Сол асарлы ас өзіңнің ала биеңнің етінен дайындалған болатын. Бұл қылықты амалды сен беталды сөйлемесін, сөздің байбына жетіп, ой толғамына түсіріп айтсын деп жасадым. Енді сен менің жылқыларымының ішінен таңдап жүріп құлынды биемді ал», - дейді. Осы қылықтан кейін, Түлкібайдың құдайы көршісі, әр уақытта да байқап, ойланып барып, толғанып тұрып байыппен сөйлеу керектігін ұғынып, ғұмыры бойына, сөз қасиетін тереңірек түсініп жүруге тырысып баққан екен.
Ақындық жемісі піскен бағындамын,
Ақсақалдық асқартауы шағындамын.
Ата-жау шайқаста атой салғандай,
Зарлы заман қыңырына бағынбадым.
Бақытым – бойыма өлең дарығаны,
Бай қолын ашып, жарлы жарығаны.
Жан қиналғаны ерім мұз жастанып,
Арқаның сары аязы бетін қарығаны.
Дариға дүние ақ ниеті кең еді,
Ата-бабалар аруағы сан жебеді.
Жүнісбек, Рамазан, Түлкібай –
Тау-тұлпарлары тулаған ер еді.
Тағыдыр қосты кісілердің тәуірін,
Тыңдап тұрамын тау мен тас үнін.
Қыздарым күйші, ұлдарым батыр,
Өткізді жыр-дастанымен әр күнін.
Бұлбұл әуен естілген әр сөзден,
Әсем саздың салтанаты шашылды.
Құлпырып кетемін сол кезден,
Іздегендей жер-жаһаннан асылды.
Саңқылдап аққу сөйлеген,
Айна айдынды көлге асығам.
Жанымды әні көмкерген,
Тау-тоған тәрізді тасығам.
Сол жалған күндерді санаған,
Қиялардан қиялдарға қараған.
Туған жер көркіңе тамсанып,
Сөйлейлеуге мен бір жараған.
Сараптап салтанатты сөз дегенді,
Дөп айтыпсың, қазағым, көздегенді.
«Жеті өлшеп, бір кесетін» мінезді,
Құдайым берген біздерге көз дегенді.
Қарқындап өтіп кетті ме,
Қаһармандардың сол бір дәуірі?
Әз ата-аналардан ұрпаққа,
Дарыр ма екен сезімнің тәуірі?
Гәккулетіп әуендетер әншім дайын,
Сол айдынға түскенде келбеті айдың.
Қуандым көргенімде «Ақбелді» сайын,
Қимылын келтіре билегенде ақ қайың.
Аспан, ғалам, шексіз ғарышта,
Жердегі өзара жаяу жарыста,
Қандай қиындыққа кезіксең де,
Тіршілікті азаптауға барыспа!
Тарихтан титімдей білеміз,
Көкірегімізге ғибратын ілеміз.
Ата-бабалардан біз естісек,
Ұрпаққа, сөз жалғап жүреміз.
Ойымды мына менің құпташы,
Ру-руға мың бөлінуің – жұт басы.
Өмірден арпалыспен өтсек те,
Қара жер, ер даңқын жұтпашы.
Ескерусіз қалмайды таң-тамаша ер ісі,
Құрмет тақтасынан табылар зерлі кісі.
Қорымда салауат айтатын құлыптас,
Ескіден тағылым алудың қазақы белгісі.
Көкжиегі жарқырайды Сарыарқаның,
Жеріміз шұрайлы, айналамыз мол шабын.
Өзен тарауында, бақташы қарауында,
Жайылған жылқыларың табын-табын.
Жылқы деген қазақтың қанаты,
Батырларда болады екен күш аты.
Тарихтың қақ төрінен төгілген,
Бабалардан бізге жетті көп хаты.
Батыр бабаларым бармысың,
Жер үшін намыс жігерін қайраған?
Баталы бабаларым бармысың,
Елі үшін даналық дәрісін сайраған?
Анадан қаһарман туады халқым деп,
Жері мен елін дұшпаннан қорғайтын.
Атадан ақылман туады Отаным деп,
Пыраққа мініп биіктен биік самғайтын.
Нар тұлға, еңсегей ер еді,
Жылқышы батыр атанған.
Ақылы мен күші тең еді,
Жауының бетін қайтарған
Әз халқының жадында қалған,
Келелі киесімен көрінеді Түлкібай.
Жау найзасынан қалқан болған,
Ақыл-ойына білегіндегі күші сай.
Жарасқан сауыт-қару, ат-тұрманың,
Айтқан сөз екі етпедің тапсырғанын.
Сөзі өткір, бетті батыр, ел қорғаны,
Көрдік, жауын, майыра қапсырғанын.
Ізіңмен жүріп тағылым дәмін таттық,
Елге сіңірген еңбегіңе сүйсініп жаттық.
Туып-өскен жер сізді есіне қайта алып,
Той-тойлап, әр нысананы кезек аттық.
Көп тарих көз алдымнан сырғанайды,
Түнде көрдім биікте қалықтаған айды.
Кешегі өткен Түлкібай мен Қойлыбай,
Күн көтеріле байқадым, түпсіз сайды.
Түнейтін жерлері сайын далада қос еді,
Түлкібай мен Қойлыбай үзеңгілес дос еді.
Талай шақырымдарды артқа тастаған,
Таңсәрідегі аттардың шылбыры бос еді.
Бірінші мал қазақта жылқы,
Айласын асырған аң ішінде түлкі.
Бірінші қас адамзатта ұйқы,
Ұзын жолда кісіге дос емес күлкі.
Басылмай батырлықтың зор әсері әлі,
Кезіп келемін Сарыарқаның даласын әлі.
Қиядан өте бере ат-жануар арқырады,
Ер тұлғасы жанар тау боп жарқырады.
Қуғыншылар легін жолынан адастырған,
Жеткенін тобықтан ұрып шатастырған.
Тілге шешен топтың ортасына түскенде,
Түлкібай мен Қойлыбай сөз жарыстырған.
Білесіздер ме өзі, сіздер, үлкен аға,
Бармаңыздар дегенді бір барымтаға.
Егер барсаңыздар жүз барымтаға,
Жолын ашасыздар мың қарымтаға.
Қазақтың кең даласы,
Сол жерде өніп-өсті,
Ақылман, нар данасы.
ЖҮНІСБЕК ПЕН ҚЫСҚАШ
Жүнісбек батыр
(1889 – 1990)
Өтті ғасыр, өтті жылдар қарамай,
Солды терек, солды емен, қарағай.
Азаматтың парыз-жүгі ақталмас,
Көтермесек өткендерді даралай.
Ж.Т. Асқартегі
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демейме қазақта? Жақсылардың ел-жұртына жасаған жақсылықтарын айтайын, олардың нұр-сәулелі жүздері жарқырап, аброй-даңқы тасысын!
Батыр батырлығын жасайды, жаужүрек тұлға болғандықтан. Қорқақ қорқақтығын жасайды, сужүрек тайқыма болғандықтан. Батыр – халықтың қорғаны, адамның арланы. Қорқақ-елдің соры, адамның қоры. Ел-жұрты үшін туған батырларымызды бағалайық, құрметтейік, оларды еш уақытта да ұмытпайық. Қорқақ болып туғандардан Алла сақтасын. Тарлан тарихты алдай алмайсың, әр кезде де ақиқат қуаты адасқанды жеңіп шығады. Мұны білетін сәт боларма ма екен? Қандастар ішінен қысыр қызғаныш, аяқтан шалу, артқа тарту тәрізді жағымсыз қасиеттер оқтын-оқтын бой көрсетіп қалатыны бар. Қазақтың бірін-бірі көре алмаушылығының тыйылатын күндері келе ме? Ата-бабаларымыз үш жүздің басын қалай қосып ұстаған? Татулыққа, бірлікке жеткізу де, жету де өз алдына бір адамның ерлігі іспетті. Бұл күндері екі қазақты татуластырып, бастарын біріктіре алмайтын жағдай, өкінішке орай, қылаңын беріп қалады. Қырық ру бір қазақ болғандықтан татулықта, бірлікте өмір кешейік, ағайын! Өмір біреу, өкініш төртеу. Бес күндік мына дүниеде игі істерді ғана атқарайық. Батырды батыр дейік, қорқақты қорқақ дейік. Жікке, руға бөлінбейік. Қалай ойласақ та, қалай сөйлесекте те, бұл жарық дүниеде жақсы адамдар да, жаман адамдар да бар. Жақсы адам ел мен елді жарастырады. Мұндай елге бір Алланың жазуымен, рақымымен бақыт құсы келіп қонады. Жаман адам ел мен елді араздастырады. Бұл елдер бір Алланың кәріне, қайғы-қасіретке шұрайды. Рушылдықтан, қазақшылдықтан биігірек көтеріліп, адамдық, адамзаттық жоғарғы деңгейге ұмтылайық. Бүкіл әлем алдында бір қазақ, нар қазақ, дана қазақ болайық, құрметті қандастар! Қара жерге көмілген асыл тас түсін де, нарқын да еш уақытта жоғалтпайды, жайнаған үстіне жайнай түседі, жарқыраған үстіне жарқырай береді. Асылды қара күйемен бояп татасаң да, ол қайрадан нұрланып көзге көрінеді. Батырдан айбындық желі еседі, ал ақыннан жүрек сәулесі төгіледі. Асылды қараңғы жерге мың жылға көміп тастасаң да, түптің-түбінде жарыққа жарқырап шығады. Қазақ жерінің асты кенге қандай бай болса, жер үстіндегі адамдары да адамгершіліктің асыл қасиеттерінен кенде емес. Асыл қасиет иелеріне сай жерімізде, елімізде ерте дәуірлерде болып өткен, тарихи оқиғаларды, еш ұмытпай жадымызда ұстау, есімізде сақтау абзал. Сондай асыл қасиет иесінің бірі, Керней ауылының байырғы тұрғыны, Егеубай Бек ұлы. Егеубай атадан атаға жалғасып келе жатқан сәлем хатты зерде қоймасына нығыздап дестелеген, білімдар азаматтардың бірі. Астарлап сөйлеудің де, мақтамен союдың да сәйгүлігі, қара халық ортасынан шыққан тарихи дерек-дәйектердің қайнар көзі.
2011 жыл. 24 мамыр. Керней ауылы. Сағат 12. Егеубайдың үйі. Егеубай осы төңіректегі ата тарихын, ел тарихын, жалпы қазақ тарихын жақсы біледі. Қазақы иірімді, шынайы әңгімелеудің сәйгүлігі. Атадан атаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша тарихты тарқатудың шебері, тасқа таңба қойғандай қылып тартымды мәтіндейді.
Осы уақытқа дейін ел-жұрттың аузынан түспей жүрген батырлардың бірі Жүнісбек. Алынторы руынан тарайтын Жүнісбектің төрт атасы мына кісілер: Айту, Шындәулет, Кемел, Байділда. Жүнісбек пен Бек бір ата-анадан туған, ағалы інілі. Жүнісбек батыр 1888 жылы туып, 1990 жылы 102 жасында Алғабас ауылында дүниеден қайтқан. Жүнісбектің өз кіндігінен ұрпақ жоқ. Бектен екі ұл: Данышпан, Егеубай. Данышпаннан Дастан. Егеубайдан Рүстем. Егеубай Жүнісбек батырдың бауырында өскен, оның бел баласы есебінде.
Керней ауылына таяу жердегі кіші Топайда Жүнісбек Байділдаұлы дүниеге келген. Үш мың шамасында қойлары, ондаған сиырлары, үйір-үйір жылқылары бар Байділда ол заманының ауқатты адамдарының бірі болған. Байділда Жүнісбектітің бетінен қақпай, ерке ұл қылып өсірген, ол ойын баласы болып ер жеткен. Жүнісбектің бойының ұзындығы 2 метр шамасында, кең иықты, қақпақтай жауырынды, білек еттері зілді балғадай жұмыр болған.
Жүнісбек қазақы жыр-дастандарды тыңдағанды ұнатқан. Той-томалақтарда, астарда, Қоянды жәрмеңкесінде балуан түскен, көкпар тартқан, ат бәйгілеріне қатынасқан. Ат деген батырдың қанаты ғой! Атты сонау жерден таныған, оның алар белес-биігін білген. Жүнісбектің айырықша айтуға тұрарлық үш аты болған:
1. Кіші торы – алдыңғы аяқтары аяңдаса артқы аяқтары жорғалайды, ал алдыңғы аяқтары жорғаласа, артқы аяқтары аяңдайды, үстіндегі кісіні олай-бұлай теңселтпейді. Аттың үстінде келе жатып толық тостаған қымызды еш алаңсыз іше беруге әбден болады.
2. Үлкен торы – дұшпанды көрсе осқырынған, досты көрсе жуасыған, өте сезімтал жылқы. Бос, байлаусыз, еркін жүрген. Жүнісбектен өзге жанды жанына жолатпаған. Жауды өңгерерде аяқтарын бүгіп, Жүнісбектің ыңғайына қарай келе берген. Алыс жолға арындамаған.
3. Шегір көз шұбар, тас бүйрек тұлпар. Тас бүйрегі қатыңқы болғанда – шабан жүрісті, тас бүйрегі босағанда – пырақ қанатты. Бабында жүгіргенде бәйге жүлдесін бермеген. Бұйра бүйректері қызып, толығымен тынысы ашылғанда, созыла, керіле, көсіле шапқанда құйысқанын үзіп жіберетін болған. Шапқан сайын жылдамдығын үдете түскен. Мәре сызығынан соң прақты атты тежеп тоқтату қиынға соққан.
1932 жылы аталарымыз Омбыға көшіп барған. Омбы қаласында «Қаржас ауылы» бар. Не шықса да өзіміздің қазақтан шығады. Сондай бір қазақ ел-жұртқа қоқан-лоқы көрсетіп, кәдүмгі, өзі білетін қазақтарға маза бермейді. Бірде Омбыға Қажымұқан келіп, халыққа өнер көрсетеді. Қажымұқанға ел жаңағы бұзақы қазақты көрсетеді. Қажымұқан дайын арбаны нұсқап: «Мынаған он адам мініңдер, ал сен сотқар, мықты болсаң менің мойыныма мін» дейді. Арбаға отыз шақты адам мінеді. Жетектегі Қажымұқанның мойынына әлгі еңгезердей адам отырады. Қажымұқан мойнындағы малғұнның екі балтырының үстінен асыра, қос жетекке қыл шылбырды байлатып, арбаны сүйрей жөнеледі. Сотқардың балтырларына қыл шылбыр батып, ойбайға басып, жан даусын шығарады, қан-қақсап бақырады. Балуан мойнындағы малғұнды екі қолымен көтеріп алып, анадай жерге лақтырып жіберіп: «Сенен де зор адамның барын біліп жүр. Көрінгенге күшіңді көрсете берме. Олар да адам екенін ұмытпа. Күш емес, адамгершілік қасиет жоғары тұрсын», -деген екен.
Кейінірек әлгі бұзақы Жүнісбектің үйіне келіп, ағаш кесіп алу үшін балта сұрайды. Бұл үйде ұстара жүзді қайралған 3-4 балта іргеге сүйеулі тұратын көрінеді. Жүнісбек сотқарға: «Ала ғой» дейді. Ай жоқ, қой жоқ, сотқар балтаның біреуін ала салып, Жүнісбекке тұра ұмтылады. Оның екі қолын жаралап, иық етін шауып жіберіп, сотқар үй есігін сыртынан күршектеп, тарс жауып кетеді. Әрең дегенде есікті ашып, тәлтіректеп далаға шығады да, Жүнісбек қансырап, құлап түседі. Кейін елден барғандар жиылып: «Сотқардан кек аламыз» деп оның үйінің алдына жиналады. Сонда Жүнісбек: «Оған тиіспеңдер, ел мен ел арасы ашылады. Не шықса да қазақтың өз ішінен шығады. Өзіміз кейінірек есептесе жатамыз», - дейді. Бұл 1932 жылы болған оқиға.
. Жүнісбек батырға еріп, орыс қыспағына қарсылық көрсетуге жұрт шыға қоймаған. Дегенмен де, батылдық көрсетіп, кернейліктердің малын Жүнісбек, Кәбіш, Қасым т.б. қайрадан айдай жөнелген. Қуғыншыларды Жүнісбек батыр сойылымен бір-ақ ұрып құлата берген. Бұдан кейін орыстар қарулы әскер шақыртқан. Келген 9 казакты Жүнісбек батыр ұрып жығып, оларды тырдай жалаңаш шешіндіріп, үлкен торы аттың бауырына алып, Кернейдің ең ұзын көшесімен мал сияқты, қамшысымен қақпайлап, айдап өткен. Орыстарға Жүнісбек: «қазақтарға тисуді қойыңдар!» деп бұйырған. Жасырын түрде орыстар Ақбелдегі дәу Полтаранинге: «Жүнісбекті өлтірсең біз саған екі ат, пар өгіз және соқа береміз» депті. Алып орыс қос саусағымен адамның маңдайынан бір шертіп жіберсе, ол кісі өліп қалады екен. Полтаранин уәделі күні Керней ауылындағы дүкенге келіп, Жүнісбекті орындықта күтіп отырады. Есікті ашып бір адам дүкенге кіреді. Дүкенші Полтаранинге ымдап, Жүнісбек батырды нұсқайды. «Мынауың Жүнісбек пе?» деп менсінбеген кейіп танытып, дөрекі дауыс көтереді. Дүкеші «Сол» деп ишрат білдіреді. Полтаранин Жүнісбекке: «Сен батырсың ғой? Сені саусағыммен емес жұдырығыммен маңдайыңнан ұрайын. Қазақ заңы бойынша бірінші кезекті маған бер. Шартқа келіссең мына орындыққа отыр», - дейді. Жүнісбек орындыққа отырғаннан кейін, Полтаранин теке басындай жұдырығымен оның маңдайынан ұрады. Соққының қатты болғаны соншама, Жүнісбек есеңгірегенін білдірмеуге тырысып, зорға дегенде орындықтан әупірімдеп тұрады. Дәу орыстың мықтылығында гәп жоқ, ерен қара күш иесі екен. Жүнісбек Полтаранинге: «Ал енді сен сол қолыңмен желкеңді баса отыр. Мен оң қол жұдырығыммен жүрек тұсыңнан ұрамын», - дейді. Уәденің аты уәде. Полтараниде шара жоқ. Келіседі. Жүнісбек Полтараниннің жүрек тұсынан ұрады. Полтаранин орындық-морындығымен анадай жерге, ес-түссіз ұшып түседі. Сұлап жатқан Полтаранинді дүкендегілер жабыла жүріп далаға алып шығарып, әрең дегенде оның есін жиғызады. «Полтаранин жатқан жерінен тұрды деген соң» Жүнісбек батыр сыртқа шығады.
Үлкен торы ат тізерлеп, төмендей қалады. Жүнісбек Полтаранинді үлкен торы ертоқымының алдына өңгеріп алып, Белағашқа қарай шаба жөнеледі. Мұның бәрін қызықтап көріп тұрған ел-жұрт аң-таң болысып, бір-біріне қарасды. Белағаш қырына Полтаранинді шығарып, құйрығын жалаңаштап, жеті өрім қамшысымен орыстың майлы жерінен үш тартып, «Алғабас қайдасың?», - деп үйіне қарай бірақ тартады. Полтараниннің жан айғайына байланысты, кейін бұл төбе «Айғай төбе» атанып кетті. Бұдан кейін «Жүнісбек» деген сөзді естіген орыстардың бойын үрей күш-қуаты билейтін болған. Жүнісбек Керней ауылының көшесінен тұлпарымен жүріп өткенде, далада тірі пенде болмайтын, қатын-бала, ер жеткендер, кемпір-шал, барлығы да, үйді-үйлеріне тығылатын. Қазақтарды мазалау осы оқиғадан кейін ғана тыйылған. Соңында Жүнісбек батыр мен Полтаранин батыр үзеңгілес дос болып кетіпті, бірін-бірі қатты сыйлапты. Полтаранин батырдың ұрпақтары осы уақытта да бар. Батырдың шыбын жаны, үзеңгілес батырдың шыбын жанында болса керек!?
Аласапран заманда, ақ қашып, қызыл қуған, немесе, қызыл қашып, ақ қуған уақыттарда ақ-боз атты, атақты Қысқаш батыр Жүнісбектің үйіне түседі. Қысқаш батыр үнемі бес қаруын асынып жүретін көрінеді. Кіреберіс дәлізге қару-жарақтарын қалдырып, үйге сәлем беріп, төрге жайғаса кетіпті. Үйде отырғандар: «Батыр аға, үйге қару-жарақсыз кірдіңіз ғой. Мұныңыз қалай?», - деп сұрайды. Сонда Қысқаш батыр: «Жүнісбектей ерен батырдың үйінде отырған адам қорқсын ба?», - деп қолыма-қол жауап қайырыпты. Батыр батырды алыстан таниды. Нағыз батыр нағыз батырға сенеді.
«Жүнісбек батыр Аймағамбет қажыны, Дос Қырбасұлын, Жыржыс қажыны, Мәнжі Күржікейұлын, Жаяу Мұсаны, Мәшһүр Жүсіпті, Иманжүсіпті, Балуан Шолақты, Мәдиді, Қажымұқанды, Сәкен Сейфуллинді тағы да басқа атқа қонар адамдарды біліп қана қоймай дастархандас, дәмдес болған», - дейді, Жүнісбек батыр сынды әкесін сағыныш сезімімен есіне ала отырып, Егеубай. Қазақстанның қай түпкіріне барсам дағы, ата тегімді айтқанда, Жүнісбектің баласы екенімді айтқанда, «Жүнісбек батыр! Жүнісбек батырды білеміз. Жүнісбектей батырдан туған бала осал болмайды. Батырдың тұяғы, жоғарлат, төр сенікі, жата қонып, қонақ бол», - деп мәйек болып, құшақ жая қарсы алып, қадірменді мейманы қылады, ел-жұрт. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген данылық сөз осы екен ғой!
РАМАЗАН МЕН СҮГІРӘЛІ
 |
Рамазан батыр 111 жаста |
Қазақ – Қалмақ соғысынан қалған бір үзік сыр... Ботақара – қазақ батыры. Шешенқара – қалмақтың батыр қызы. Ботақара батырдың Шешенқара батырға деген пәк махаббаты ел-жұрт көзіне түскен. Осы батырлар есімдерімен Бұқар жырау ауданындағы Ботақара және Шешенқара шоқылары аталған. Ботақара батыр Шешенқараға ғашық болған қалмақтың бас батырының қанжарлы қолынан қапыда қаза тапқан.
Халық сөзі
Рамазан батыр 83 жасында үш ай бойына үшті-күйлі жоғалып кеткен. Бір күні, 20-30 қылқұйрықты Ұлытаудың жылқы жасырар сайынан тауып, ел-жұртты таңқалдырып, Алғабас ауылына айдап келген. Батыр бабамыз 90 жасқа келгенінше, жаз айларында 20-30-ғы жігіттерді жекпе-жек қазақша күреске шақырып, оп-оңай оң жамбасына алып, олардың қос жауырынына жер искеткен. Қысы-жазы киімді жеңіл киген. Қыс бойына қар күреген. Қыста «Қарасудың» мұзын ойып, қақаған аязда да оның суына түскен. Аязды боран күндері адасып, сайын далада қалып қойып, саусақтары үсіп, түсіп қалған. Бес қарулы барымташыларға есе жібермеген. Елден ұрланып кеткен жылқыларды иесілеріне қайырып отырған. Сойыл мен шоқпарды оңды-солды әдіс-айлаларымен, еркін сермеген. Өмірінде бірде-бір адам бұл кісіні атынан түсіре алмаған. Қарсыластарын шоқпарымен жіліншіктен бір-ақ рет қағып түсірген. Тістерін аршамен тазалаған. Дүниеден өткенінше бір де бір тісі түспеген. Денесін тік, сұңғақ ұстаған. Рухы мен намысын уысынан шығармаған. Намазын еш уақытта қаза қылмаған. Оразаны жеті күн артығымен ұстаған. Ташпиғын қолынан тастамаған. Әділетті, такаппар, халыққа сыйлы тұлға болған. Үш-ақ күн ауырып, 111 жасында дүниеден озған.
Шорман мырзаның жылқышылары тақымы мықты, сайдың тасындай, айла-әдісті, алпамсадай алып жігіттерден таңдап алынатын. Бірде Шорманның жылқышылары «Біздерден тірі пенде еш уақытта да жылқы ала амайды» деп, мақтаныш пікірлерін айтып қалады. Бұл сөз Рамазан батырдың да құлағына жетеді. Рамазан батыр көк тұлпарын ерттеп, сын жолына қамданады. Уақытты көп созбай, Шорман бидің қалың жалқысына келеді. Көк тұлпарына еңкейе жабысып, қалың жылқы ішіне жасырын түрде, жайлап кіреді. Жылқы үйірлерін сүзе қарап, тұяқ алыстарын бағамдап, келісті үйірлерді қалың жылқыдан бөле қақпайлап, оларды жымын білдірмей, еппен айдайды. Бұл әректті бақташылар кешігіңкіреп көреді. Айдаудағы жылқылар ұзай түседі. Біраз уақыт өткен соң қуғыншылар Рамазан батырдың ізін кеседі. Рамазан батыр қуғыншыларды тізелерінен шоқпарымен бір-бір қағып, олардың барлығын аттарынан түсіріп, үйір-үйір жылқыларды жайбарақат айдап, кете барады. Бұл сонау Қаракөлден бергі Қандыкөлге дейінгі ұзақ арақашықтық. Осынау адам баласы сенгісіз оқиғаны естіген Шорман мазасызданады. «Елдің көзі төртеу, құлағы алтау. Ұрыны тауып, ауылға шақырып әкеліңдер», деп шабармандарына бұйырады. Рамазан батыр Шорманның шақыруын құп алып, би ауылына келіп түседі. Шорман мырза Рамазанның алдына үйеме астау ет пен дәу тегене қымыз қойғызып, қадірменді қонақ қылады. Рамазан батырдың ет алуына, қымыз ішуіне таңырқай қарап: «Үйір-үйір жылқыны сіңіретіндей екен, сары қымызды сіміретіндей екен. Батыр болса асты болсын! Дана болса басты болсын! Даналық ойы болса, сұңғақ бойы болса, алмайтын жерден де алып кетеді екен», - деген екен. Иығына шапан жауып, басына бөрік кигізіп, астына ат мінгізіп, Шорман мырза Рамазан батырды асқан ыждахаттылықпен еліне шығарып салады. Рамазанның өр рухтылығы мен ер жүректілігіне, бет әлпеті мен дене бітіміне, Шорман мырза қайран қалады. «Батыр болса, Рамазандай батыр болсын. Елімізге тиген жауды да менің мықты-мықты ерлерім тәрізді допша домалатары хаһ!», - деп Рамазан атамызға Шорман би өте жоғары баға берген екен.
Комментариев нет:
Отправить комментарий