пятница, 20 ноября 2015 г.

Үміткер тарихынан:


Үміткер селолық округі – аудан құрамындағы әкімшілік бірлік. Құрамына Үміткер, Төрткөл, Үлгі ауылдары кіреді. Тұрғыны 1,7 мын адам. Орталығы Үміткер ауылы. Ботақара кентінің солт. - шығысқа қарай 59 км жерде, Сыртқысу өзені бойында орналасқан. Тұрғыны 2006 жылы 1,1 мың адам.1935 жылы әкімшілік, шаруашылық құрылым ретінде қалыптаса бастады. Әуелі ұжымшар, ал 1961 жылдан Қылыш Бабаев атындағы етті мал өсіретін кеңшардың орталығы болып келді. Оның негізінде Үміткерде және округтегі Төрткөл, Үлгі ауылдарында Қ.Бабаев атындағы ӨК және шаруа қожалықтары құрылды. Үміткер арқылы Керней – Құндыкөл автокөлік қатынас жолы өтеді.
                                                        

Жеңіс Жұмашұлы Шәдетовтың «Үміткердің ұландары» атты мақаласынан.

ҮМІТКЕРДІҢ ҰЛАНДАРЫ

«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, өмір үнемі қозғалыста болатыны ақиқат. Қоғамдағы даму өзгерістері халықтың ой-санасына, салт дәстүрлеріне, қалыптасқан тіршіліктеріне үлкен әсерін тигізеді.
Жыл он екі айда мал соңында ғұмыр кешкен қыр қазақтары қыс қыстауда, жаз жайлауда көшпелі өмір кешкен. Үйірлі жылқы мен отарлы қой халықтың тұрмыс салтының басты белгісі болған. Осылайша тіршілік көзін тапқан.
Кеңес үкіметінің келуі осындай өмірдің түбегейлі өзгеруіне әкелді. Елді отырықшылықты өмірге көшіру саясаты етек алды. Ауылшаруашылық артельдері, тоз (товарищество обработки земли), колхоздар ұйымдастырылып, жер  – жерге елді мекендер салыну қолға алынды.
Осы орайда бұрынғы Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың орталығы болған Үміткер ауылының тарихы туралы, осы жерде туып-өскен, еңбек етіп, өмір кешкен адамдар туралы сөз етпекпін.
Қабылтай Мағзұмов
Ержан Тәшімбеков
       (1893-1972)
Үміткер ауылы қазіргі орнынан бұрын Жаңа-жұрт, Қызыл тұмсық, Қайдабай деген жерлерге салынып, әр түрлі себептермен; ауыз су аз, қыста қарбасты болғандықтан, жақын жерлерде егін - жайға қолайлы жер болмағандықтан, осы күнгі орналасқан жері Шат өзенінің бойындағы жазық жерге салынған. Алдымен «Крупская» артелі болып ұйымдасқан. Артельге мүше болғандар тұрғын үй, мектеп салуға кіріседі. Мектеп үйінің құрылысы аяқталып (1932 жыл), мектеп ашылады. Мұғалім болып Шамақ Құлмағанбетов, Қабылтай Мағзұмов, Сара және Торғай деген екі қыз келеді. Ержан Тәшімбековтің үйінде сауат ашу мектебінде үлкендер дәріс алады.
Жүнісов Әшмұқан
Оспанхан Күзембаев
(1888-1938)
Алғашқы қоныстанған Жаңа - жұрт, Қайдабай мекендерінде де мектеп болған. Жаңа - жұртта мұғалім Әшмұқан Жүнісов, Қайдабайда мұғалім Оспанхан Күзембаев болған.
Оспанхан Күзембаев Баянауылдан келген білімді, парасатты адам болыпты.
Кейін Аюлы, Ақжар елді мекендерінде мұғалім болып істеген. Ағалары Омархан, Ахметжандар да Павлодар, Баянауылда мұғалім болған.
Бөкей Күзембаев
(1925-1950)
Білім алуға құлшыныс жасаған осы жердің жас жігіттері Амантай Әшкенов, Ыбырайым Садықов, Кенжебек Ақпанбаев, Бөкей Күзембаев, Қуанышпай Қасымов Қызылжар қаласында мұғалімдер училищесінде оқып, көп жыл ауылда мұғалім болып, жастарға білім берді.
Бұл уақытта Қызылжарда училище директоры Балташ Бабаев екен (Қылыш Бабаевтың туған ағасы). Жаңа ұйымдасқан артельдің шаруашылық жұмыстары да аз уақыт ішінде қалыптасты. Мал басы көбейіп, егіншіліктің қыр-сырын түсініп, өнім түсімі көбейді. Жұмыс өте ауыр болды, ел күшке түсетін шаруаға әбден көндігеді. Жер жыртуға күш-көлік ретінде өгіз, сауын сиырлар жегіледі. Дәнді жерге себу жұмысы қолмен жүргізілген. Бұл жұмысқа қарулы, бойшаң адамдар іріктеліп алынған, олар Бөтей Есімов, Құспек Біләлов деген азаматтар, мойындарына дән салынған қап іліп, біркелкі қозғалыспен жерге шашқан. Артынан тырма жүргізіп, дәннің бетін топырақпен жапқан. Бұл жұмыс халық арасында «жаяу егін» салған жылдар деп аталған.
Бірінші трактористер курсы 1936 жылы Керней ауылында ашылып, маңайдағы колхоздардан оқуға кісілер жіберілген, Үміткер ауылынан Қазтай Қойекенов, Айнаш Жақыпов әйелі Күлуәмен оқыған. Оқу киіз үйде жүргізілген, сабақты Қарқаралыдан келген кісі жүргізіпті. Курс бітірген соң бұл кісілер алғашқы келген тракторларды жүргізген. Күлуә апа «Коммунар» комбайнында істеген.
Назарбеков Әбілғазы
       (1902-1980)
Алғашқы тракторлардың ауылға келуі Керней ауылында Ворошилов МТС-ының ашылуына байланысты. Жер жырту, тұқым себу, шөп шабу жұмыстарына техника пайдалана бастаған. Осыған байланысты механизатор кадрлардың алғашқы қатарында Ысқақов Қалымтай, Шөшімов Шерғали, Жонқабабев Тоғабай, Қабирахманов Аңсар, Шохшин Әміржан, Жәмиев Тұрсын, Айтпақаев Төкен болған.
Шөп шабатын машиналарды Сейфулов Ахмет, Резин Жәмін, Қабдиев Қасым, Назарбеков Әбілғазы жүргізген, бес шалғылы шөп машинасын Жетішов Қартабай меңгерген.
Қалыптасқан мал бағымы, күтімі де өзгерді. Ірі қараға жылы мал қоралары салынып, азықтандырылып, ерекше күтімге алынады. Сүт тартатын үлкен сепараторлар қойылып, май алынды.
Ағыбаева Рәзия
Сауыншылар Тұрғанбекова Кәшу, Мұрсалова Қатуан, Садықова Бибігүл, Ағыбаева Рәзия, Исатаева Қадиша, Ахметова Қайша жақсы еңбек еткен. Мұрсалова Қатуан аудандық, облыстық советтердің депутаты болып сайланған. Сауын сиырларын Ахметов Рақымжан мен Шөшімов Шекен, бойдақ ірі қараны Шөшімов Аздан, Сембаев Мұстафа, Бақтыбаев Аспандияр, Айнабеков Мыстай, Әлиакпаров Жұма, Кәкімов Қауыз баққан.
Айнабеков Мыстай
Жылқы малы төзімді болғанымен, қысқы бағымы ауыр. Арқаның қарлы қысы, сақылдаған сары аязында алты ай қыс, күні-түні жылқы соңында жүруге жігіттің жігіті ғана шыдайтына мәлім, оның үстіне ол кезде ит-құс тіпті көп болыпты. 
Әбікеев Қазбек
Осындай қиындықтарға төзіп, мал басын көбейтіп, Отан қорғауға сәйгүліктер өсірген абзал жанды азаматтар – Құсбек Біләлов, Ержан Тәшімбеков, Қазбек Әбікеев, Ибаділдә Ақбаевты ауылдастары айтып жүреді.
Ақбаев Ибаділдә

Қазбек Әбікеев ерен еңбегі үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық Халықшаруашылық көрмесінде болып қайтқан.
Төрт түліктің бірі – қой малын өсіруде үлкен жетістіктерге жеткен. Малдан төл алу, жүн қырқу науқанына қосымша саулық қойларды сауып, оның сүтінен ірімшік жасалынған.
Өз төлінен өскен қой-ешкі саны бес мыңға жеткен. Қойшылар – Шәшен Ағыбаев, Қабди Әркеев, Әбілғазы Назарбеков, Көшер Әсірбаев, Жарылқасын Абақ, Айтпай Мусин, Ошақпай Отыншин. Айтпай Мусин Ленин орденімен марапатталған.
Тәңірберген Асқаров
Сейфулов Кәлле
Колхоздың қосалқы шаруашылық салалары да егін, мал өнімдерін арттыруда, жұмыскерлердің хал-жағдайын жақсартуға көп еңбек атқарған. Жанар-жағар майды Керней ауылынан, тіпті алыстағы Нұра теміржол станциясынан өгіз арбамен Тәңірберген Асқаров тасыған.
Құлтай, Әшім Бабановтор, Жетіш Есенов, Мүсәлім Иманасов, Абдрахман Ахметов, Кәлле Сейфулов,
Жәнібеков Қайролла
Алпысбай Түлкібаев
Сейсенбай Айтпақпаев, Айып Шохшин, Әшкен Тәуешов, Қарымсақ Әлібаев, Қошжан Бекмағамбетов, Қартабай Быжықаев, Көшер, Беток Шоқабаевтар, Сейфолла Айтмолдин, Алдажұман Қаратаев, Байжұман Өршелеков, Зияда Рақымов, Сыздық, Салық Омаровтар, Қанапия Түлкібаев, Сәйкен Айнашев, Смағұл Қабдиев, Көкентай Шәшенов, Теміржан Аюпов, Алпысбай Түлкібаев, Кәкетай Есімовтар және сол кездегі жасөспірімер көп қиыншылықты бастарынан өткерсе де, Қайролла Жәнібеков, Нәби Қабдымананов, Қаби Құлтаев, Жұмкен Бөтеев, Әнуар Темірғалиев, Шәкәрім Жөргембаев, Сқақ Қаленов, Ерсін Сәтпеков, Төлеу Мүсәлімов, Қайыр Әбілғазин, Қабдығали Байжұмановтар үлкендермен қатар еңбек еткен.
Соғыс жылдары Үміткер колхозын Шәдетов Жұмаш басқарған. Ер-азаматтар Отан қорғауға аттанып, ауылда қалған ақсақалдар, әйелдер мен жасөспірімдерге шаруашылықтың ауырпалығы түседі. Күні-түні тыным көрмей бүкіл ел болып шаруашылықтың бар саласы майдан үшін жұмыс істеген. Соғыс аяқталған соң азаматтар елге оралды. Соғыстан қайғы - қасірет көрмеген отбасы болмаған. Ауылдан 52 азамат майданда қаза болған, көп адам ауыр жарақаттанған.
1946-1948 жылдары Үміткер колхозының басқарма төрағасы болып Түлкібаев Төлеу істеген. Бұл жылдары колхоз өркендеген, ірі шаруашылыққа айналады.
ТүлкібаевТөлеу
1947 жылы егіннен мол астық алынып, мал өнімдерінің жоспары орындалып, колхозшылар жоғары үкімат наградаларымен марапатталған. Еңбек Қызыл Ту орденімен басқарма төрағасы Түлкібаев Төлеу, партия ұйымының хатшысы, әрі мектеп мұғалімі Садықов Ыбырайым, ауылдық кеңестің төрағасы Шохшин Мұрсал марапатталған. «Құрмет белгісі» орденімен-колхозшылар Әркеев Хамит, Ақшолақов Темірғали марапатталған. 1949 жылы Үміткер колхозының басқарма төрағасы болып Смақов Мекен сайланады. 1952 - 54 жылдары басқарма төрағасы болып Ибатов Қазым істеген. 1954 - 55 жылдары басқарма төрағасы болып Ыдырысов Қалкен сайланады. Бұл кезде Қалкен аға 30 жаста еді. Белсене қызмет істеп, шаруашылықтың өркендеп, нығаюына елеулі еңбек сіңіреді.
Қалкен басқарған жылдар тың және тыңайған жерлерді игеру уақытымен сәйкес келген. Құнарлы жерлер жыртылып, егістік көлемі ұлғайған. Мал басы көбейіп, алынған өнімдер көбейген. Колхоз экономикасы артып, аудан көлеміне алдыңғы қатарға көтерілген. Қалкен аға сыпайы, қарапайымдылығымен бірге бетті, сөзге шешен, есте сақтау қабілеті таңғарлықтай болушы еді.
Қалкен Ыдырысов 1942 жылы әскерге алынады. Керки қаласындағы әскери училищені бітірген соң Беларусь майданының 154-атқыштар дивизиясының 110-атқыштар полкінде взвод командирі болып ұрысқа қатысады. Соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, көптеген медальдармен наградталған.
Әскерден 1946 жылы аға лейтенант шенінде елге оралып, еңбекке араласады. Совхоз уақытында бөлімше басқарушысы, директордың шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
1943 жылдан колхоз тарағанша (1961) басқарма төрағасының орынбасары болып Әбікеев Махмет істеген. Әскер қатарына шақырылғанша Мақаң колхозда жұмыс істеген «Коммунар» комбайнында комбайнер болыпты. Әскерде Ленинград майданында ұрысқа қатысқан. Ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралды.
1980 жылдары Махмет ақсақалмен қызметтес болдым. Қашанда Мақаң сабырлы, жайдары, терең ойлы адам еді. Тәжірибелі, көңілге түйгені мол, шешімі қиын шаруаны оңына келтіріп отырушы еді. 
Бәкіш Балпанов көп жылдар мал фермасының меңгерушісі болған. Шаруаның қыр-сырына ерте қаныққан адам. Біраз жылдар қызметті бірге атқардық. Бәкең орта бойлыдан жоғары, кең иықты, қыр мұрынды, қалың қасты, келбетті кісі. Бір қарағанда, жүзі ызбарлы, сұсты көрінетін. Бірақ жан дүниесі сұлу кісі, ескілікті әңгімелерді көп білетін, сөз сөйлеу мәдениеті жоғары болатын. Атбегілік жасынан бойына сіңген, жүйрік атты бәйгеге баптап, жүлделі орындар алып жүріпті. Бәкеңнің ер-тұрмандары, атқа жегетін арба-шаналары, қамыт-әбзелдері, өрілген жүген-ноқталары, қамшылары көздің жауын алатын, өте сәнді болушы еді. Атты қашан да баптап мінетін, киген киімдері ықшам, әрі таза болатын.  
Бірде Махмет Әбікеев аға мынадай бір әңгіме айтып еді: «Бәкеңмен екеуіміз салт атпен Топай деген жерге бара жатқанбыз. Алдымызда Бәкіштің Жолбарыс атты иті жүгіріп отырған. Аңсырап жүрген ит шоқ ағашқа қарай кіріп кеткен. Бір уақытта иттің арсылдаған дауысын естіп, бізде солай қарай шоқыта шауып барсақ, итпен бір қасқыр тістесіп жатыр екен. Жалма-жан Бәкең атынан қарғып түсіп, жан қалтасында жүретін үлкен бәкісін алып, ешбір жүрексінбестен қасқырға жақындап, көз ілеспес жылдамдықпен қасқырды құйрығынан тартып, бәкімен ішін жарып жіберді. Шек - қарны ақтарылған қасқыр жерге құлап түсті.
Бәкіш аға жас кезінде күреске түскен, қарулы кісі болыпты.
Қой фермасының меңгерушісі болып Көшжанов Балташ ағамыз істепті. Соғыс жылдарында «Құрама» колхозында басқарма төрағасы болыпты. Жыл бойы қойдың бағым-күтімі, науқандық жұмыстары біраз қиыншылықтар туғызары белгілі. Осы шаруаның бәрінің ретін тауып, мал басының өсуіне, өнімінің молаюына көп еңбек сіңірген. Еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесіне қатысқан. Балтекең ұзын бойлы, байсалды, сыпайы мінезімен ағайын-туыстарының ұйытқысы болған.
Ол кісі де аңшылық өнерден кенде болмаған, жақсы ит, жүрік ат ұстаған. Елге сыйлы адам болыпты.
Ыбырайым аға Садықов жасынан пысық, алғыр болған. Талаптанып оқу іздеп, 1938-40 жылдары Қызылжар қаласындағы мұғалімдер училищесінде оқып, бітірген. 1940 жылдан Үміткер мектебінде мұғалім, мектеп директоры болған. Колхозда партия ұйымының хатшысы, 1949 жылдары «Ақжар» колхозының басқарма төрағасы, 1961-66 жылдары Бабаев ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген.
1967 жылы Қарағанды мемлекеттік педагонгикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітірген. 1947 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, кейін көптеген медальдармен марапатталған.
Колхозда көп жыл бригадир болып Ақпанбаев Әдеш істеген. Қиындығы мол дала жұмысының қыр-сырына әбден қанығып, егін себі, шөп шабу науқандарын уақытылы да сапалы жүруіне көп ықпал жасаған. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері. Әскерде кеңес армиясының Иран мемлекетіндегі құрамында болыпты. Ақкөңіл, қарапайымдылығымен ерешеленетін.
1961 жылы Қылыш Бабаев атындағы совхоздың құрылуы және Үміткер ауылының совхоз орталығы болып белгіленуі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына үлкен өзгеріс әкелді.
Кең, түзу көшелердің боыйнда еңселі, әдемі үйлер бой көтерді. Мектеп, бала - бақша, клуб, аурухана құрылыстары аяқталып, халық игілігіне жұмыс істеді.
Орталық шеберханада техниканың барлық түрін күрделі және ағымдағы жөндеуге мүмкіндіктер жасалды. Мотор жөндеуші Асқаров Болат, жонушы-токарь Аппасов Қибат, элктрик - жөндеуші Темірғалиев Санақ, ұсталар Біләлов Қайырбек, Батырбеков  Жауда, Асқаров Ақтай өз істеріне төселген мамандар болды. Шеберхана меңгерушілері болып әр уақытта Хикметов Қайрат, Ақтаев Еркіш, Ысмайлов Имантай істеді.
Көлемді жұмысты жүргізуде машина паркіне сенім артылды. Ауыр жүк машиналары тіркеме - принциппен жұмыс істеді. Жүргізушілер Тілеухан Бексейітов, Қайрат Қазбеков, Қапатай Маханов, Фазыл Ахметов, Жабағы Әбдірахманов, Жаналин Қонақбай, Бердалинов Сәбит, Шошымов Төлеген, Ерғали Әліқұлов, Ерден Қаңтарбаев, Қабдырахман Батталов, Кама Әбдірахманов, Бақыт Мәжкенов, Айту Құспеков, Шамен Ыдырысов, Нақышпан, Жолдыбай Сыздықовтар, Шәрат, Төлеу Жәнібековтер, Болат Ахметовтың еңбегін атап өткен орынды
болар.
Құрылыс бөлімін прораб, білгір маман Мәзали Қарасартов басқарды, мастерлер болып Қазали Маханов, Алпан Итжанов істеді. Құрылыс бөліміне 110 құрылысшы (жұмысшы) болды. Барлығы дерлік мектеп бітірген ауыл жастары, құрылыс жұмысына үйретіліп, салынған құрылыстардың сапасы өте жоғары болды. Ағаш өндеу цехында Николай Бобров, Берік Махановтар есік-терезе, құрылысқа керекті жабдықтарды істеді. Құрылыс жұмыстары бөлімшелерде жүргізілді, тұрғын үй, мектеп, клуб, мал қоралары салынды.
Кейінгі он жылда совхозда егістік көлемі 20 000 гектарға, ірі қара саны 6500 басқа жеткізілді.Трактор саны 120-ға жетіп, оның ішінде 30 қуатты К-700 тракторлары, 70 астық жинайтын комбайндар болды. Жылына егіннен 20-22 мың тонна астық алынып мемлекетке 3000 бас ірі қара өткізіліп, 1200 тонна ет тапсырылды,қоғамдық малға 1500 тонна шөп дайындалды.
Шаруашылық экономикасы көтеріліп, жыл сайын ондаған миллион кіріс кірді. Машина - трактор паркі техникамен толықтырылып, үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Үлгі ауылына үйлер салынып, жаңа елді мекенге айналды. Үш ауылға да су құбырлары тартылды.
Осындай ауқымды жұмыстарды жүргізуге  тәжірибесі мол совхоздың бас экономисі Қайрат Қазтаев, бас бухгалтер Қиқым Алпысбаев, бұрын көп жылдар партия ұйымының хатшысы кейін ауылдық Кеңестің төрағасы қызметін атқарған Тәубебай Шайхин, екінші бухгалтер Жәкібай Батталов, бухгалтерлер Кенжебек Ақпанбаев, Әбайілдә Маңқаев, Тұрсын Қарашев, алғашқы жылдары совхоз партия ұйымының хатшысы болған Айткен Арыстанбеков ағаларымыздың еңбектерін ерекше атап өткен орынды.
Айткен Арыстанбеков партия – шаруашылық жұмыстарына жасынан араласқан. Өскемен мұғалімдер техникумын бітірген соң 1930 жылдары мұғалімдік жұмыста болған. 1938-40 жылдары Қарқаралы аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, 1940-41 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1941-46 жылдары Шет совхозында партия жетекшісі, совхоз директоры болып істеген. 1946 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінде аға  нұсқаушы, 1947-54 жылдары Қарағанды МТС-інде директор (Ворошилов ауданы), 1954-59 жылдары «Жаңа қала» колхозының басқарма төрағасы, 1960 жылы Үлгі колхозының басқарма төрағасы, 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Бабаев атындағы совхоздың партия ұйымының хатшысы болып істеген.
Облыстық дәрежедегі дербес пенсионер. Айткен аға қай қызметте де болса да іскер білікті маман ретінде танылатын, сөзге өте шешен, сөйлеу мәдениеті аса жоғары болатын. Әйтекең Құрмет белгісі орденімен, Қазақ ССР-нің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық халық шаруашалығы жетістіктері көрмесінің медалімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Ауылдық аурухананың бас дәрігері болып Жәлелтай Әшкенов көп жыл еңбек етті. 1958 жылы Қарағанды мемлекеттік дәрігерлік институтын бітірген соң өмірінің соңына дейін осы жерде жұмыс істеді.
Басы ауырып, балтыры сыздап келген адамды жылы сөзбен қарсы алып ем жасаған. 25 кереуеттік аурухана іші таза, қыста жылы болатын, ауруханада перзентхана бөлімі болды. Жылына 110 - 120 сәби осы жерде дүниеге келетін.
Жәлелтай дәрігерлік ілімнің көп саласын меңгерген:  тіс ауруы, емдеу, гинекология, хирургия. Ауру адамдар Жәкеңе үлкен сеніммен келетін. Қатты ауырып келгендерді жылы сөзімен, әзіл-қалжынымен көңіл-күйін табатын. Қазіргідей жабдықталған дәрігерлік аппараттар болмаса да, аурудын себебін дәл анықтап, көбінесі қан тамырлары арқылы емдеп, сауығуына жағдай жасайтын. Елге сыйлы азамат болды.
Алматы мемлекеттік дәрігерлік институтын бітірген, ауылдың тумасы Шарапиден Шохшин ауыл емханасында 2 жылдай еңбек етті. Кейін көп жыл Белағаш ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып, зейнеткерлікке шығып, қазір Қарағанды қаласында тұрады. Білікті маман дәрігер ағамыз көптің алғысын алған адам. Өнерге бейім, әдемі дауысымен халық әндерін орындайды.
Кейін аурухананың бас дәрігері болып Қайролла Қантбеков істеді. Ел азаматы Қайрекең білімді маман ретінде көп жылдар ауыл тұрғынына қызмет етт. 
Төлеп аға операция үстінде.
Ауылда  туып өскен Төлеп Әбікеев 1964 жылы Қарағанды мемлекеттік дәрігерлік институтын бітіріп, қазіргі Ғабиден Мұстафин кентінде аудандық ауруханада хирург болып істеді, кейін бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарды. Ауыл тұрғындары Төкеңе барып, күрделі операцияларды сол кісінің өзіне жасатып жүрді. Қолы шипалы, жоғарғы дәрежелі хирург ағаға бұрынғы Тельман ауданының тұрғындары әрқашанда жылы лебіз білдірді. Төлеп аға ауылға  жиі келуші еді, жиын - тойдың сәнін келтіретін, домбыра тартып, қоңыр дауысымен ән айтатын, өлең шығарып, ақындық өнерге бейім еді.
Үміткер мектебі орта мектеп болып 1962 жылы ашылды. Сол уақыттан бері мектеп оқушыларға сапалы білім беретін үлкен білім  ошағына айналған. Мектеп түлектерінің көпшілігі жоғарғы оқу орындарында оқып, әр түрлі мамандықтарды игеріп, өмірден өз орындарын тапқан. Совхоз  шаруашылығында жұмыс істеген жастардың еңбектері мақтанышпен айтылады.
Г.Головкин ұстаздарымен.
Осы мектепте оқып білім алған Садықов Қанат Ыбырайымұлы медицина ғылымдарының докторы, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бастапқы әскери дайындық және дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі.
  Үміткер орта мектебін бітірген Балпанов Дархан Серікұлы химия ғылымдарының кандидаты, қазір Степногорск қаласында «Биомедпрепарат»АҚ инженерлік орталығында президент.
Мектеп түлегі Шәдетова Алмагүл Жеңісқызы – биология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығында аға ғылыми қызметкер.
Қазір мектепте 220 оқушы оқып, біліп алуда. 35 мұғалімнің көпшілігі осы мектеп түлектері. Өткен жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында мектеп бітірушілер аудан бойынша жақсы нәтижеге жеткен.
Міне, осындай тарихы бар ауылда 200-ге жуық отбасы тұрып, өмір сүріп жатыр.
Өмірдің қызығында, соғыс қиыншылығында бастарынан өткерген ауылда көз көргендер сиресе де, әлі ақсақалдар мен кейуана әжелер баршылық. Олар балаларын, немере-шөберелерін жақсылықққа, ізгілікке тәрбиелеуде. Ауыл-ел бірлігін, тірлігін, ұлылығын қастерлеп, қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін, қонақжайлылығын жалғастырып отыр.    

«Орталық Қазақстан» газеті
1 мамыр, 2008 жыл
 ВИДЕО: Ш. Әмірханов


«БАБАЕВТЫҢ» БАСТАПҚЫ БАСШЫСЫ

1961 жылы 15 наурыз күні Қазақ ССР ауылшаруашылық министрінің бұйрығымен Бабаев колхозы мен Үлгі колхозы негізінде Қылыш Бабаев атындағы кеңшар ұйымдастырылған. Бірінші совхоз директоры болып Әмірханов Шопанай тағайындалды.
Тәжірибелі, білгір маман, ұйымдастыру қабілеті бар Әмірханов аз уақыттың ішінде көптеген қиындықтарды шеше отырып, шаруашылықтың нақтылы даму жолдарын анықтай білді. Егін шарушылығында жаңа технологияларды енгізу, мал азығының берік қорын жасау, екпе шөптің көлемін ұлғайту үшін ауыспалы егіс гектарын көбейтуді жолға қойды. Бір-екі жылдың ішінде егіс көлемі 10 мың гектарға, ірі-қара саны 3500-ге, жылқы 800 басқа, қой саны 12 мыңға жетті. Машина-трактор паркі жаңа техникалармен толықты, шеберхана құрылысы басталып, әлеуметтік құрылыстар салына бастады.
Мектеп, аурухана, мәдениет үйлерінің құрылыстары қолға алынды.
Игі бастамаларды қолдаған ауыл тұрғындары еңбекке қызу араласып, ел байлығын еселей түсті. Үш елді мекенде (Үлгі, Үміткер, Төрткөл) тұрғын үйлер салынып, малшы, механизаторлар жаңа пәтерлерге ие болды. Бөлімше орталықтарында және Қарақойтас, Шаңтимес, Қарамола, Екі отау мекендерінде мал қоралары салынып, шаруашылық экономикасы көтеріле бастады.
Құнарлы топырақты Шат өзенінің Батпақкөл бойына 6000 гектар тың жер игеріліп, сол жерден 20 тұрғын үй, монша, мал қоралары салынып, Шат бөлімшесі ашылды.
Бүкіл ел болып қолға алған жұмыстардың басында Шопекең жүрді, күні –түні тыным көрмей, бірде механизаторлар, бірде малшылар арасында болды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, кеңшар экономикасының жылдан жылға ұдайы көтерілуімен бірге Шопанай аға шаруашылықтың келешегін де көп ойлаған адам. Бұл істерінің бірі кадр мәселесі болды. Осы орайда мектеп бітірген ауыл жастарын кеңшар жолдамасымен ауылшаруашылық институтына оқуға жіберді. Әр түрлі мамандықтарға ие болған жас жігіттер кейіннен шаруашылықта жұмыс істеді.
Олар – бас экономист Қалимәрден Ахметов, бас бухгалтер Қиқым Алпысбаев, экономистер Қайрат Қазтаев, Айткеш Әрінов, мал дәрігері Қаби Қошанов, агрономдар Ақан Дүйсенбаев, Қайыржан Әрінов, Сайран Хасенов, Нұрғали Смайылов, бухгалтер-экономистер Совет Бердин, Қасен Хамитов, зоотехниктер – осы жолдардың авторы, Қабаш Айтпақаев, Төлеу Оспанов және осы мамандар шаруашылықтың өркендеуіне көп үлестерін қосты.
Менің өзімде осы кеңшарды ұзақ жыл басқарып, зейнеткерлікке шықтым. Ал шаруашылықта маман болып істеген Ақан Дүйсенбаев қазіргі ғылым докторы болса, Қайыржан Әрінов пен Өтеу Нұрғалиев профессорлар.
Осы азаматтар кездесе қалғанда Шопекең туралы еске алып, жақсылықтарын үнемі айтып отырады.
1991 жылы кеңшардың ұйымдастырылғанына арналған 30 жылдық мерейтойында Шопанай аға тебірене сөз сөйлеп, көп істерді еске түсіріп, шаруашылықтың сол уақыттағы дамуына, өркендеуіне ризашылық білдіріп еді.
Шопанай Әмірханұлы 1923 жылы 19 желтоқсанда Қарақойтас (қазіргі Үлгі ауылының шығысына қарай 6 шақырым) деген табиғаты әсем, таулы, орманды жерде дүниеге келген.
Жастайынан әке-шешесінен жетім қалып, ағайын туыстарының, нағашысы Аяпбергеннің қолында тәрбиеленіп, ер жетеді.
Жасынан пысық, алғыр болып өскен ол Үлгі ауылынан ашылған мектепте оқиды, сабақ үлгерімі жақсы болып, өз құрбыларының алды болады. Жетінші сыныпты бітірген соң, Қарағанды қаласында ФЗО мектебінде оқып, кейіннен шахтыда жұмыс істеп, Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жастағы Шопанай аға өзі сұранып, әскерге аттанады. Басында Иран мемлекетімен шекаралас әскери бөлімдерде қызмет етеді. Екі мәрте өтініш жасап, алғы шепке, соғысқа сұранады. Ақыры 1942 жылы Кушка қаласындағы 1 Түркістан пулеметшілер училищесін тәмамдап, 2 Беларусь майданының 130 Могилев дивизиясының 108 атқыштар полкінде взвод командирі болып соғысқа қатысады.
Соғыста көрсеткен еңбегі үшін Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» медалі, басқа да наградаларға ие болады. 1945 жылы сәуір айында жараланып, госпитальға түседі. 1946 жылға дейін әскер қатарында болып, сол жылы елге қайтады.
«Үлгі» колхозында жұмыс істейді, кейіннен Шопанай ағаны колхозшылар колхоз бастығының орынбасарына сайлайды. 1948 жылы үйленеді, жан жары Күлшәй Үмітбайқызы ақжарқын, кеңпейіл, қонақжай адам еді. Төлеу, Ерсін атты балалары – жоғары білімді азаматтар, кішіпейіл, мейірімді жандар. Шопекеңнің немерелері де ержетіп, ата тәрбиесін көрген Венера банк қызметкері, Бекжан Астана қаласында құрылыс саласында еңбек етеді, Нұржан, Диана мектеп оқушылары, ең кенжелері Дамир 6 жаста.
Ол 1957-60 жылдары совет-партия мектебінің тындаушысы болады, 1960 жылы оны үздік бітіріп шығып, 1960 жылы Қылыш Бабаев атындағы колхоздың төрағасы болып сайланады. Ағаның балалық шағын, еңбек жолдарын құрдасы, бірге өскен, Ұлы Отан соғысының ардегері Алпан Итжанов (екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденінің иегері) өте қызықты әңгімелейді. Алпекең қазір Қарағанды қаласында тұрады. Осы мақалаға арқау болып отырған Шопанай Әмірхановтың ең жақсы қасиеттерінің бірі –еліне адалдығы, ағайынға кеңпейілдігі еді. Айтса айтқандай, елге сіңірген еңбегі, жастарға берген өнегелері мол. Тек қана Бұқар жыраулықтар емес, бүкіл облыс көлеміне танымал ағамыз ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан, халықпен жақсылықты, жамандықты бірге бөліскен азамат еді.
Шопекең зейнеткерлікке шыққан соң, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы болып, өзінің көп жылғы өмір тәжірибесін жастарға айтуға жалықпады. Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы атанды. Аудан орталығында қазақ орта мектебінің ашылуына, ауданның баба атымен аталуымен көп еңбек сіңірді. Кәрі де, жас та Шопеке деп атады. Аудан орталығында бір үлкен көше Шопанай деп аталады.
Бабамыз Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 325 тойын өткізуге бастама көтеруші де Шопанай ағамыз.
Әуелі аудан басшылығымен келісім жасаған соң, облыс, республика көлемінде шаруа басталып кетті. Әрине, кедергілер аз болған жоқ, екі рет Алматыға барып, ұлттық ғылым академиясының Тіл, әдебиет институтында болып, ғалым – академик Тұрсынбек Кәкішев, тарихшылармен, Бұқар бабаны зерттеуші ғалымдармен кездесіп, көп тарихи деректер жинады. Депутат, қоғам қайраткерлері Қаратай Тұрысов, Қуаныш Сұлтанов оған көп қолдау жасады.
Істің бәрі қаржыға келіп тірелгенде, Шопанай аға ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнайы хат жолдап, Бұқар жыраудың қазақ халқының бірлігіне, сыртқы басқыншы жаулармен күреске шақыруын, тәлім –тәрбиелік сөздерін тарихи деректермен жеткізе білді. Алла жар болып, бұл іс шешімін тауып, 1992 жылы Бұқар жырау зиратына кесене салу басталды. Кесене құрылысы аяқталған соң, 1993 жылы тамыз айының 23 - 24 күндері халық Көмекей әулие атаған бабамыздың мерейлі тойы Далба тауының етегінде өтті.
Далба тауындағы Баба кесенесі
архитекторы А.Сәуменов
1993 жыл.
Көрнекті режиссер Жақыпов қойған театрландырылған көріністер қазақ халқының өмірін жұртшылыққа паш етті. Олар: Ақтабан шұбырынды, қазақ жеріне жоңғар - қалмақ, қытай шапқыншылығы, патшаның губернаторлары мен урядниктерінің халыққа көрсеткен қысымы өте нанымды орындалды. Елін, жерін қорғаған қазақ батырлары көрсетілді. Ауырып жүріп Шопанай аға баба тойының лайықты дәрежеде өтуін азаматтық борышын санап, дамыл таппады. Той өткізуге құрылған комиссияның бір отырысында Бұқар жырау бабамыздың бейнесі қандай болу керек деген сұрақ туады, комиссия мүшелері әр түрлі пікірлер айтады, сонда Шопекең көп ойланбастан «Бұқарекең менің бабам ғой, мен ұрпағымын, мені қазақша киіндіріп, басыма бөрік кигізсеңдер», - депті. Шопанай аға осы сөзін айтып отырушы еді. Тойдағы Далба тауының етегіне қойылған баба суреті ағаның сөзінің куәсі болды.
Бұқар жырау баба тойынан кейін екі жарым ай өткен соң Шопанай аға дүниеден өтті (11.11.93 ж). Ағаны ақырғы сапарына шығарып салуға келгендер қаралы жиын өткізіп, көп жыл бірге қызмет істеген, сыйласқан, елге сыйлы Михаил Шаяғзамұлы Шаекиннің айтқан жүрекжарды сөздері жиналғандарды тебірентіп еді.
Ботақара – Қарағанды жолының бойындағы Ботақара тауының етегіндегі қорымға жерленген ағамызға әрдайым иманы кәміл болсын демекпін.
Қарапайым, еңбекқор, ақылгөй ағаның өмір жолын осы мақалада кейінгі ұрпаққа жеткізуді борышым деп білемін. 


Орталық Қазақстан газеті
8 желтоқсан, 2007 жыл 

 ОРДАЛЫ ОҚУ ОРНЫ ЕДІ
Үлгі мектебіне – 80 жыл

Қазіргі Бұқар жырау ауданының ел жиі қоныстанған Қарақойтас деген жерінен 1928 жылы алғашқы мектеп ашылады. Бекмағамбет ақсақал сол мектепке екі бөлмелі үйінің төргі бөлмесін босатып береді. Мектепке мұғалім болып Баянауылдан Қали Жетпісбаев келеді.
Мектепке алғашқы оқушылар болып Қызай Соқыров, Сламбек Алтайбеков, Ахмедия Құлов, Ахмедия Әлғожин және Арықтай Қайыпов (кейіннен ҚазақССР Ғылым академиясының академигі) қабылданады.
Келген мұғалім маңайдағы қыстауларды аралап, балаларды оқуға қамтуға көп күш салады. Бастауыш мектептің төрт сыныбы болады.
1930 жылы Үлгі деген жерге ел қоныстанып, колхоз ұйымдастырылады. Сол жылы үлкен мектеп құрылысы басталады. Мектеп құрылысын жүргізіп, басқаруға Баянауылдан Донской деген азамат және мамандар келеді. Жергілікті жерден қолдарынан іс келетін Қалым Әкіжанов және Сәби Ахметов қосылады. Жаңа мектепте бес сынып бөлмелері, үлкен зал, пионер бөлмесі, мұғалімдерге арналған бөлме жарақтандырылады.
Бірінші жылы мектептің тек қана үлкен залы бітіп, төрт сынып сонда оқыған. Келесі жылы мектеп құрылысы толығымен аяқталған.  Салынған мектеп үйі 1984 жылға дейін пайдалануда болған. 1954 жылы мектепке қосымша екі сынып бөлмесі, физика, химия зертханалары салынған.
Үлгі мектебі 1934 жылдан бастап жетіжылдық мектеп болады. Оқу бітірген жас мұғалімдер келе бастайды. Бірінші мектеп директоры Хикмет Нұртұрсынов болады. Мұғалімдер Шамақ Құлмағанбетов, Айткен Арыстанбеков, Үкібас Мұқанов, Рақымтай Жүнісбеков, Айтбаев оқушыларға сапалы білім береді.
Осында 150 балаға арналған мектеп-интернат ашылады. Маңайдағы Төрткөл, Үміткер, Ақжар, Алғабас, Семізбұғы, Аюлы, Құрама, Алабас, Жаңақала, Жастілек ауылдарынан бастауыш мектеп бітірген оқушылар оқуын Үлгі мектебінде жалғастырады.
Ұлы Отан соғысы алдында мұндағы оқушылар саны 300-ге жеткен. 40-тан астам мұғалімдер еңбек еткен.
1950 жылы ол орта мектепке айналған. 1953 жылы ең бірінші 10-шы сыныпты бітірушілердің емтиханын қабылдауға облыстық оқу бөлімінен Зияда Жағдаұлы Жанғожин келіпті. Осы 10 жылда Үлгі мектебін 200-ге жуық түлек тәмамдапты. 1962 жылы мектеп кеңшар орталығы Үміткер ауылына көшіріліпті.
Ендігі әңгіме мектептегі оқу-ағарту, тәлім-тәрбие жұмыстары, мектеп бітірушілер мен ұстаздар туралы болмақ.
Ауылдағы білім ошағы сол кезде үлкен мәдениет орталығы болғаны ақиқат. Жыл сайын жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мұғалімдер ауыл жастарын спорт, ән-күй өнеріне баулитын.
Мәселен, тарих пәнінің мұғалімі Алпан Итжанов (Ұлы Отан соғысының ардагері) мектеп оқушылары мен ауыл жастарынан үлкен оркестр ұйымдастырып, оның құрамындағылар домбыра, скрипка, мандолина, балалайка, баян аспаптарымен Құрманғазы, Тәттімбет, Динаның күйлерін нақышына келтіре орындайтын. Скрипкада Ораш Бейсекеев, мандолинада Құрмет Мұстафин, Сейітхан Әкімжанов, домбырада Қиқым Алпысбаев, Сайлау Нокин, Шайхан Жандаев, Құрмаш Зікіров, Рымтай Түсіпов, басқа да көптеген өнерпаздар өнерін ауыл тұрғындары қызыға тыңдайтын еді. Оркестрдің орындауында халық әндерінен попури орындалатын, жеке әншілердің өлеңдері сүйемелденетін.
Ауыл мектебіне Төлеген Сүлеевтің қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болып келуі ерекше серпін берді. Сабақты тартымды жүргізумен бірге ақындар мен жазушылардың өлеңдерімен, нақыл сөздерімен қызықтыра түсетін. Төлеген ағай мектепте волейбол, баскетбол секцияларын ұйымдастырып, оқушылардың спортқа құштарлығын арттырды. Ауыл жастары осы спорт түрлерінен аудандық жарыстарда бірінші орында болды. Математик Көккөзов Мұрат ағай еркін күрестен спорт секциясын ашып, көп жастар палуандық өнерге үйренді. Мәжікенов Қырықбай есімді оқушы аудан, облыс жеңімпазы болды.
Үлгі мектебінің Ұстаздары мен оқушылары.
Дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық пәнін жүргізген мұғалім Ұлы Отан соғысының ардагері Сағынтай Диханбаев туралы ерекше айту керек. Қазір бұл кісі 89 жаста, көнекөз қария, мектеп өмірін жақсы біледі, болған қиындықтарды, әсіресе, соғыс жылдарында, мектептегі мұғалімдер Отан қорғауға аттанады. Сақаң да соғыста танк әскерінде болып, танк командирі болған, Қызыл Жұлдыз орденінің, Ерлігі үшін медалінің және басқа көптеген награда иегері.
1946 жылы соғыстан оралғанда мектепте жалғыз мұғалім болыпты, сол жылы Үлгі мектебіне мұғалім болып Шаймұқанов Дүйсетай ағамыз бен Сатаев Амантай келеді. Сақаң жасы келсе де әлі мектеп өмірінен сырт қалған емес.
Төлеген ағай Сүлеев мектеп директоры болған 1953-56 жылдары мектеп пен колхоз арасында үлкен байланыс болған. Оқушылар қыс айларында мал фермаларында төл өсіруге қолғабыс жасап, мамандықты мектепте оқып жүріп үйрене бастаған. Жаз айларында жүгері алқабын және «Қаныш бағын» өз қамқорлықтарына алған.
Төлеген аға өз еліне (Қызылорда облысы) барғасын да шаруашылық жұмысымен айналасып, көп жыл кеңшарды басқарып, зейнеткерлікке шығып, қайтыс болыпты.
Үлгі №5 орта мектебін аудан, облыс аумағында іргелі, сапалы білім беретін білім ошағына айналуына ат салысқан мұғалімдерді атап өткен орынды болар.
Олар Нәбиев Айтқұл, Шоқанбеков Мартбай, Хамитов Сқақ, Шаншилов Орал, Мәркен Арыстанбек келіні, Хоменко Ольга Дмитриевна, Әйнекбаева Үміт, Бөпиева Камила, Қазыханов Рапағат, Байғарин Сәлім, Ысқақов Қисамиден, Айтжанова Қайынжамал, Тұрғанбеков Дүйсенбай, Байманов Жақсылық, Балабекова Нағима, Байғарина Жәмиға, Тақуов Нұрбай, Әшкенов Қамаш, Бекхожин Есенғали, Күлікова Сара, Рүстембеков Қалиолла, Имашев Ержан, Арыстанбекова Алма, Зікіров Құрмаш, Ыбыраев Бекен, Идрисов Махмет, Идрисова Қабида, Көбентаева Тиыштық, Түспекова Шолпан, Қарманов Сағат, Диханбаева Зейне, Әбдраимова Баркен және ерлі-зайыпты Хикметов Қайыр мен Нұрпейсова Рая.
 Үлгі мектебін алғашқы бітірушілер (1953 жыл) тегіс жоғары оқу орнына түсіп, оқыған. Олардың ішінде Бегімов Дүйсенәлі Ақанұлы медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі ортопед, көпшілігі Қарағанды мұғалімдер институтын бітірген: Қасенова Марияш, Жандаева Шәкен, Байманов Жақсылық, Әшкенов Қамаш.
Үлгі мектебінің алғашқы оқушыларының бірі Қайыпов Арықтай Қайыпұлы белгілі ғалым-академик, геология-минерология ғылымдарының докторы. Содан кейін Қасымхан Әкіжанов Москваның түсті металдар институтын бітіріп, кезіндегі «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінде басшылық қызметтер атқарған. Ал ағайынды Майдан және Нұрбай Османовтар Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін бітіріп, Ұлы Отан соғысында опат болған.
Мектеп бітірушілердің арасынан 3 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 5 журналист, көптеген мұғалімдер, халық шаруашылығының мамандары шыққан. Мектепті 4 оқушы медальмен бітірген, соның ішінде профессорлар Қайыржан Әрінов, Кенжебек Рүстембеков, Мәтібай Жамбеков және осы жолдардың авторы.
Мектеп бітірушілердің біразы ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеп, еңбек озаттары болды. Олар Елемес Сембаев, Қайрат Хикметов, Рахметолла Қосшығұлов, Шәкәрім Жөргембаев, Нұртөлеу Қасенов, Жәкітай Батталов, Екпінтай Қабаев, Имантай Ақпаев, Амантай Хамитов, Орал Қабыкенов, Қуат Жұмажанов, Талғат Көпбаев, Шәмен Идрисов.
Үлгі мектебінде әр жылдарда қазақтың белгілі ғалым-академиктері Қаныш Сәтбаев, Манаш Қозыбаев, Ғабит Мүсірепов, Ебіней Бөкетов болып, оқушылармен кездесу өткізіп, ақыл-  кеңестерін берген.
Осындай үлкен тарихы бар, оқу-тәрбие жұмысы жоғары деңгейде болған мектептің қазіргі жағдайы қандай.
Үлгі мектебі негізгі мектеп болып саналады. Мектепте 49 оқушы, даярлық сыныпта 6 бала оқиды, 13 мұғалім жұмыс істейді.
Математика, химия, физика, шетел тілі пәндерінен дәріс беретін маман мұғалімдер жоқ. Мектептегі бар 3 компьютер әбден ескірген, интернетке қосылған деп тіркелген, бірақ іс жүзінде олай емес. Жылу жүйесі мен едендері тозған, шіріген. Мектепте спорт залы жоқ, дене шынықтыру сабағын жүргізуге керекті құрал-жабдықтар жоқ, тіпті шаңғының өзін бермейтін көрінеді. Қазіргі уақытта балаларының келешегін ойлаған ауыл тұрғындары көшіп, 1990 жылдан бері салынған үйлерін бұзып, сатып, жауып кетіп жатыр. Көшудің басты себебі, мектептен сапалы білім алудың мүмкіндігінің жоқтығынан.
Осы жағдай бұрынғы кеңшардың Төрткөл ауылында болып, ақыры мектебі жабылып, 80 отбасы тұратын жерде қазір 20 отбасы қалған. Енді осы қасірет Үлгі ауылында келіп тұр. Ауыл қазақтың – жаны, тілі, діні, салт-санасы, әдет-ғұрпы емес пе. Міне, халықтың жанайғайын кім құлақтарына іледі.
Аудан әкімі Еркебұлан Нашаровтың, аудандық мәслихаттың хатшысы Айтжан Жүнісбековтың, облыстық Мәслихаттың депутаты Айткен Айсановтың, мәжіліс депутаты Рауан Шаекиннің, аудандық, облыстық білім департаменттерінің басшыларының назарларына ауыл тұрғындарының бұрын осы мектепте оқып, білім алған азаматтардың тілектерін жеткізуді борышым деп есептеймін.  

Орталық Қазақстан газеті
14 ақпан, 2008 жыл


ДҮЙСЕКЕҢ ДЕГЕН ДҮЛДҮЛ-ДІ

Халыққа білім беру ісінің үздігі Дүйсенбай Тұрғанбеков еліне сыйлы, ұлағатты ұстаз болған адам.
Ол 1923 жылы Бұқар жырау ауданындағы Өткелсіз өзенінің бойында ата-баба қыстауында дүниеге келген.
Табиғаты бай, әсем өлкелі жердің қар суымен тасыған өзені бүкіл алқапқа жайылып көп уақыт өткел бермей жататын көрінеді. Сулары аққайраң байлыққа толы, шабындығы мен жайылымы жайқала өскен түрлі өсімдіктермен жер бетін әрлендіре түсетін. Сай-саласы толған итмұрын, қарақат, бүлдірген болатын. Қысы суық, қарлы, боранды жер.
Азынаулақ малдарымен күн көріп отырған ағайынды Тұрғанбек пен Үмітбай 1930 жылдары Үлгі колхозы ұйымдасқанда көшіп барып, алдыңғылардың бірі болып колхозға мүше болып кіреді. Өмірлерінің соңына дейін жұмыс істеп, жаңа ұйымдасқан колхоз өмірінің қиыншылықтарын бастарынан өткеріп, балалы-шағалы болып, өмірден өтеді. Қазір де осы ағайындылардың немере-шөберелері Үлгі ауылында тұрады. Өсіп-өнген үлкен әулет.
Шешесі Сағида Әкіжанқызының ықпалы болу керек, Дүйсенбай жасынан тәртіпті, кішіпейіл, аңғарымпаз болып өседі. Сағида апа ақылына көркі сай, сыпайы, елге жақсылығын аямайтын жан болыпты.
Үлгі мектебінің 7 сыныбын бітірген Дүйсекең 1940 жылы Қарағанды қаласындағы екі жылдық мұғалімдер институтына түсіп, 1-курсын бітіргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Сол жылы Дүйсенбай аға Семізбұғы кентіне мұғалімдік жұмысқа жіберіледі.
1942 жылы әскерге алынады. Солтүстік - Батыс майданында батальон комсоргі болады. Майдан газеттерінде жауынгерлер ерлігі туралы мақалалары жарияланып тұрады.
1943 жылы Дүйсекең ауыр жараланып, елге оралады.
Үлгі ауылына келген кіші лейтенант Дүйсенбай аға өзінің сүйікті мамандығы мұғалімдік жұмысқа кіріседі. Алғашқыда мектепте 21 оқушыдан бастауыш сыныптар ашылады. 1946 жылы соғыстан мұғалімдер Сағынтай Диханбаев, Алпан Итжанов оралады. Оқушылар саны көбейіп, 7 жылдық мектеп ашылады.
Үлгі мектебінде Дүйсекең 1950 жылға дейін жұмыс істейді. 1950 жылдан 1954 жылға дейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болады. Аудандық оқу –ағарту жұмысының қалыптасуына көп еңбек етеді. Әсіресе, кішірек ауылдарда бастауыш мектептердің ашылуына көңіл бөледі.
1954 жылдан 1962 жылға дейін Үлгі мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болады. Осы жылдары жоғары білім алады.
1957 жылы Алматының Абай атындағы мұғалімдер институтына түседі. Бұл уақытта институт директоры Мәлік Ғабдуллин екен. Директордың қабылдауында болған Дүйсенбай аға институттың үшінші курсына қабылданып, 1961 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітіреді.
1962 жылдан Үміткер орта мектебінде директор болады.
Дүйсенбай аға табиғатынан ақынжанды адам еді. Құрбы-құрдастарына, мереке-тойларға, табиғатқа, жаны жайсаң азаматтарға арнап өлеңдер жазған. Өкінішке орай, сол қолжазбалары сақталмаған. Ауылда әлі де суырыпсалма (импровизация) өлеңдері толық болмаса да кейбір шумақтары айтылып жүреді. Өзімен қатарлас ақындар Қабыл Боранбаев, Рамазан Нәрешевпен өте тығыз қатынастарда болған.
Қарағандының мұғалімдер институтында белгілі ақын Жаппар Өмірбеков, ғалымдар Дәкен Шалабеков, Бүркіт Ысқақовпен бірге оқыған. Жаппар Өмірбеков Дәкен Шалабеков туралы естелігінде Дүйсенбай ағаның талантты, алғыр студент болғанын келтіріпті.
Елде Дүйсенбай ағаны кішіпейілдігіне, ақжарқын мінезіне қарай Дүйсен деп атаған. Көп жылдар қызметтес болған мұғалім Сағынтай Диханбаев ақсақал соғыс ардегері Дүйсекең туралы былай деген: «Мен Дүйсеннің ашуланғанын, не болмаса қатты сөз айтып, біреуді ренжіткенін көргем жоқ, қашанда мейірімді, ұстамды болатын». Дүйсекеңнің сабақ жүргізу тәсілі өзгеше еді, көбінесе ақындардың өлеңін оқып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан талантты жас ақын Баубек Бұлқышев өлеңдерін жатқа айтатын, оның ерлігін, қазасын жырға қосатын.
Директор  болып жүргенде ауырып қалған мұғалімдердің сабағын жүргізіп, өзінің жан-жақты білімімен таңдандыратын. Бірде біздің сыныпта дене шынықтыру пәнін жүргізіп, ауырлап қалған денесіне қарамай, канат-арқанға жеп-жеңіл өрмелеп шыққан. Қазақ әдеби тіліне өте жетік, мағынасы күңгірт сөздерді де білуші еді, түсінігі мол, ізденгіш, адамның жан - дүниесін түсіне білетін ерекше жан.
Бірге өскен, құрдасы, досы Алпан Итжанов (соғыс ардагері) Дүйсенбай аға туралы: «Ол достыққа адал, қасындағыларға қайырымды, кішілерге қамқор еді. Дүйсенмен құрдас болып бірімізге-біріміз қалжың айтпаушы едік, тек қана достық ілтипат болатын. Өмірден ерте өтті, 1979 жылы 56 жасында, әлі де берері көп еді. 1946 жылы болу керек, соғыстан келген кезім Дүйсеннің үйінде отырып, Кеңес үкіметінің күшін дәріптеп, құрсанып дайындықпен келген жауды жеңудің оңай болмағанын, енді бізге ешкімнің соғыс ашуына мүмкіндіктері жоқ деп, социалистік дамудың дұрыстығын айтып отырдық. Көрші бөлмеден Дүйсеннің әкесі Тұрғанбек ақсақал шығып: «Балалар, артық сөз айтпаңдар, дүниеде мәңгілік жоқ, өмірден талай мемлекет, пайғамбарлар, патшалар, белгілі батырлар өткен. Тарих бәрін біледі.Сондықтан тым асыра мақтамандар, уақыты келгенде бұл үкіметтерің де кетер»,-деген.
1991 жылы желтоқсанда үкімет тарағанда «Тұрғанбек ақсақалдың сөзі есіме түсті» деп әңгімесін аяқтаған Алпекең.
Қайтыс боларынан 4-5 ай бұрын Дүйсенбай аға біраз оқушыларын отбасыларымен үйіне дәмге шақырды. Отырысты өзі бастап беріп, диванға барып отырды. Бәрімізге ән айтқызып, домбыра тартқызып, мектепте оқыған уақыттағы балалық шақтың қызықты көріністерін есіне алып отырды.
Еліне адал қызмет еткен, көп оқып, ізденген, өмірі қиын уақыттарда болып, нелер қиыншылықтарды басынан өткерген Дүйсенбай аға қарапайым, өз ұлтын сүйген, ардақты азамат еді.
Өмірден  өткеніне 30 жылдай болған, осындай ағалар ұмыт бола бастады.
Осы шағын мақаланы жазғандағы себебім, көзін көргендер естеріне алсын, жастардың Дүйсекеңдей ағаларын білгені жөн және ұстаз алдындағы шәкірттік борышымның аз да болса өтеуі болсын дедім.


Орталық Қазақстан газеті
8 сәуір, 2008 жыл


 МАҚЫШ АҒАНЫҢ МАҒЫНАЛЫ ӨМІРІ

Құт – береке  дарыған Нияз тауы мен елде Шорманның Қаракөлі аталған жер жәннаты, солтүстігінде Ереймен тауларымен ұласып, шығысында Баянауламен шектесіп, батысында Шыбынды аталатын айдын көлді, ұлан-ғайыр алқап көшпелі Қаржас руларының жаз жайлауы.
Cуы мол, шөбі шүйгін, жайылымда қыстан арықтап шыққан төрт түлік  мал тез оңалып, елдің көңіл-күйі жадыраған мезгіл еді. Біріне-бірінің ерулік беріп, құтты болсын айтып, сапырлысып кететін дала әдеті бар.
Үкілі өңірін жайлап отырған ел-жұртқа сыйлы Қапен ағаның отбасында тауық жылы (1909)  дүниеге сәби келіп, азан шақырып, атын Мақыш қойған.
Бала Мақыш жасынан құлықты, аңғарымпаз болып өседі. 9 жасынан ауылдағы молдадан 4 жыл оқып, мұсылманша білім алады.
Оқуға ынтасы бар бала 13 жасында Семей қаласына барып, Әбдікәрім Сәтбаевтың көмегімен орысша оқуға түсіп, хат танып, тіл үйренеді.
Талапты жас 1925 жылы Семей қаласындағы соттың 2-учаскесіне хатшы болып орналасады.
Білімді, тәжірибелі заң білгірлерімен қызметтес болып, адами  салт-санасының қалыптасуына, мамандығын жетілдіріп, көп тәлім-тәрбие алды.
1931-1933 жылдары Украинада Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясында әскери борышын өтейді. 1933–1934 жылдары Қарағанды қалалық партия ұйымында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.
Қызметін тергеуші, прокурордың көмекшісі, орынбасары жұмыстарынан бастаған Мақыш аға 1941-45 жылдары Павлодар облысының прокуроры, 1945-50 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1950-53 жылдары Жамбыл облысынын прокуроры болып істеген.
1954 жылдан зейнеткерлікке  шыққанша (1974 жыл) Қарағанды облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Бүкіл өмірін адам баласының жақсылығы үшін арнаған парасатты, байсалды Мақаң өте талапшыл, әділеттікті жақтаған жан. Ешкімге қиянат жасамаған, мейірбанды, қаһарлығы мен көңіл тарлығы жоқ, алдына келген шаруаны дұрыстықпен шешкен адал адам болған.
Қызмет атқарған жерлерінде өзінің үлкен азаматтығы мен кәсіби мамандығын барынша көрсете білген, сондықтан барша елдің сүйіспеншілігіне бөленген.
Үлгілі отбасында үш бала өсіріп, тәрбиелеген. Балалары өз жолын қуып, Төлеген мен  Ғазиз ішкі істер басқармасында жауапты қызметтер атқарып,  полковник шеніне дейін көтерілген. Кенжесі Нұрлан да заңгер болып істейді. Жан жары Сәбирамен көп жыл тату-тәтті өмір сүріп, есіктері ашық, дастарқандары мол болған.
Ағайын-туыстары мен бірге қызметтес болған жора-жолдастарымен жақсы сыйластықта өмір кешкен.
Қазір Қарағанды қаласында тұратын 90 жастан асқан туыс-достары   Әбушахман Бекбалақов, Күлкен Шаяхметов (қазір марқұм болды) ақсақалдар Мақаң жайында әңгімелеп, үлкен құрметпен естеріне алып отырады. Менің әкем Шәдетов Жұмашпен туыстық қатынаста болып, сыйласып өткен. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болар, ол кезде Қылыш Бабаев атындағы кеңшарда бас зоотехник болып істеймін, ауылда тұратын Шәкәрім ағамыз: «Жеңіс, біздің үйде Мақыш Қапенов сені күтіп отыр, келіп кетсең» деп телефон шалды.
Мақаң ата-баба қыстауы Шолаққайыңға баруы керектігін айтты. Ағамен екеуміз жолға  шықтық. Ата-бабаларына құран оқып, шоқ ағашқа қарай барып, жан-жағына қарап тұрған ағаның қуанышында шек болмады, көзіне жас алып, қатты тебіренді.
Қайтар жолда көңілі жайланған Мақаң әңгіме тиегін ағытып, балалық шағында есте қалғандарын әңгімеледі.
Бір кезде жастық шағын өткізген Шолаққайыңға арнаған өлеңін оқып берді:

                      Өскен жерге

Тұрмысың аман-есен Шолаққайың,
Жүректі тербетеді көрген сайын.
Жылқыны қайың  бетке айдап салсаң,
Боранда шығын болмас  қотыр тайың.

Өзгеден  Шолаққайың басың биік,
Көргенде тұра алмаймын жасым тыйып.
Салқын сай, салалы бет, мөлдір бұлақ,
Суыңды ішетұғұн жаным сүйіп.

Ауылдың ту сыртында Аралтөбе,
Бетеге желкілдеген, қалың көде.
Күйкентай, жұмыртқа іздеп зыр жүгірген,
Жастық шақ салдыр-гүлдір өттің неге?!
Байқабыл, Бессала мен Қарашатым,
Қақпақтас, Тоқаң, Шаштаң, Қандыағашым.
Қоныс салып отырғанда,
Тигізген талайларға мархабатын.

Тәттікей, Көкшолақ пен Қарақұдық,
Жататын көдесінде қоян бұғып.
Кең жайылым, шөбі шүйгін, малға жайлы,
Ішетін мейірі қанып, суы тұнық.

Беладыр, артық еді-ау сенің атың,
Сөз болып, жиналатын қалың жұртым.
Тебінге көп жылқыны айдап салып,
Шегірге* бастырмайтын біздің ауыл.

Сортаңда Қараөзек пен Байниязың,
Кең өлке көтеретін күлкі-назың.
Сонарда ізге түсіп, шабуылдап,
Қым-қуыт қосатұғұн дауылпазын.

Артықсың Үлкен шілік, өніп-өскен,
Күмістей мөлдіреген суын ішкен.
Доп ойнап,  асық атып, қақпай қаққан,
Қызығың бала күнгі кетпес естен.

Көп зират Талсайдағы бабалардың,
Өсірген ақ сүтімен аналардың.
Басына зиратының барғанында,
Нұр жүзі көзге елестер ата-ананың.

Ойымнан бір кетпейсің өскен жерім,
Ағайын-туыстарды аялаған.
Біртіндеп дүниеден өттің бәрің.


 Шегір * - ру аты



«Мақыш ағамыз сөзге бай, екі тілде бірдей  шешен сөйлейтін, бүкіл жан дүниеңді баурап алатын қоңыр үнін әлі ұмытар емеспіз. Өмірден алған тағылымы мол, баршаға мәлім аталы сөздері көп. Араб тілін жақсы білетін, көп жазбаларын ескіше жазатын», - дейді туған ағасы Балмағанбет баласы Қабыкеш ағамыз.
Ақын жанды ағамыздың жыр жолдары, әрбір ұйқасын келтіру, бірыңғай ақындықпен айналыспаған адамға қиынға соғары белгілі. Бірақ өмірден алғаны бар, көпті көрген, талғамы биік, табиғатынан ерекше таланты бар адамның қолынан келері хақ.
Мақыш ағаның жыр дәптері бажасы Шәкәрім Жөргембаев ақсақал арқылы менің қолыма тиді.
Жүректен шыққан туған жерге деген ыстық сағыныш сезімдерін сүйген жарына махаббатын, балаларына, туыстары мен жолдастарына ыстық ықыласын дәл тауып жеткізе білген.
Осы өлеңдерінен үзінді келтіріп отырмын.




                  Туған жерге

Сағынған сәлемімді ал Нияз тауым,
Басыңды дүркін-дүркін жуған жауын.
Сайыңда сайран салып, миуа терген,
Бауырыңда мекендеген біздің ауыл.


                    Сәбираға

Сәбира-жан серігім жаным сүйген,
Ауырды жеңілдетер ішке түйген.
Бөленіп махаббаттың бесігіне,
Суыққа  тоңып, ыстыққа бірге күйген.

Ақыл-ой, мінез-көрік бірге келіп,  
Дұшпаның көре алмаған іші күйіп.
Өмірде мен ризамын жолдасыма,
Теңемен ешбір жанды бір басыңа.

Береген қолы ашық аңқылдаған,
Жолдаспен ойнап-күліп жарқылдаған.
Намысқа біреу тисе көлденеңнен,
Кезекті жауабынан тартынбаған.



Зейнеткерлікке шыққан соң жастарға  тәлім-тәрбие берудегі қоғам жұмыстарына  қатыспай үйде жатқан достарыма


Достым-ау, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас бел садаға тұлпар шаппай.
Білімді бойыңдағы жұртқа тарат,
Шіркін-ай оянсаңшы ұйықтап жатпай.

Немене үйден шығып қозғалмайтын,
Қара су  тазармайды тұрған ақпай.
Үлгілі тәжірибеңді көпке үйретпей,
Жатуың лайық па ақыл айтпай.

Жас күнде айғайшы боп, ел басқарып,
Халықтың ортасында болдың дастан.
Ерте ғой отыруға үйде саған,
Қоғамға көмек тигіз келсе шамаң.


Мақыш ағаның өлең-жырлары қоғамның әр саласын қамтыған. Әскери борышын  өтеуге аттанатын жас жеткіншектерге ақ жол тілеп, ақыл – кеңес береді. Маскүнемдерді,  жеңіл мінезді қыз-келіншектерді сынға алады.
Тәрбиелік мәні бар, өсиетті сөздерге толы өлең-жырлары баршылық.
«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деген сөзді жиі айтатын Мақыш аға өмірінің соңына дейін елі үшін тынымсыз еңбек етіп өткен адам.
2009 жылы мамыр айында өмірден озғанына 10 жыл, шілде айында туғанына 100 жыл толады.  Ағаның аты қазір аталмайды, «Өлінің қамын тірі жер» дегендей, игілікті шараларды қолға алған жөн тәрізді. Ол көп жылдар қаламызда Ленин көшесі, 59 үйде тұрған. Енді сол үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылса деген тілек бар.
20 жыл еңбек еткен облыстық прокуратура осы мағынадағы хатты екінші мәрте облыс әкіміне жолдамақшы көрінеді.
Бұл аталған шара оң шешімін табатынына сеніміміз мол.
Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен және 3 мәрте Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Білгір заңгер, аға заң кеңесшісі, Сарыарқа өңіріне белгілі Мақыш Қапеновтың есімімен Қарағанды қаласының бір көшесін атау ағаға көрсетілген үлкен құрмет болар еді.

 «Орталық Қазақстан» газеті
2 маусым, 2009 жыл

ҮРКЕРДЕЙ ҮЛГІНІҢ ҰЛЫ – ШАЙХАН

            1964 жылдың шілде айының соңғы күндері.
         Алматы облысының «Ақтерек» қой совхозында бір ай өндірістік практикада болып, жазғы семестр кешеуілдеп басталып, соңғы емтихандарды тапсырып жатқан кез. Ауылмен хабарласып, Шайханның Алматыға ҚазМУ-ға оқуға түсуге кеткенін естідім. Сол күні ҚазМУ-дың жатаханасына Шайханды іздеп барып, кездестім. Қабылдау емтихандына дайындалуда екен. Көптен көрмеген сағынышты ыстық қауышулар.
         Бірер күн өткен соң Павлодар облысының «Целинный» совхозына (қазіргі Ақсу ауданы) студенттердің құрылыс отрядының құрамында жол жүріп кеттім. Сол жерге Шайхан телеграмма салып, оқуға түскенін хабарлады.
         Ол уақытта студент жатаханалары өте тапшы болатын. Алғашқы курстарда бір бөлмеде 15-20 баладан жататын, сабаққа дайындалуға үлкен қиындықтар туындайтын.
         Біз Нығмет Танашев, Қаби Қошанов үшеуіміз пәтерде тұратынбыз. Жатаханада орны болса да Шайхан бізбен бірге пәтерде тұрды. Пәтер иесі Кәбира апа ақкөңіл, адамгершілігі мол, жаны таза адам еді.
         Кейінннен ол кісі маған қайынапа болды. 1969 жылы апаның Сағындық атты сіңілісіне үйлендім. Биыл үйленгенімізге 41 жыл толды.
         Алмагүл, Абзал, Мырзасейіт, Мұхтар, Баян есімді Құдай берген бес баламыз бар.
         Ақкөңіл Шайханды Кәбира апай баласындай жақсы көрді. Шәкең «Ананың ақ тілегі» деген өлеңін сол кісіге арнады.
         Жастайымыздан Шәкең екеуміздің бір-бірімізге деген достық қарым-қатынастың қалыптасуына әдеби кітаптарды оқуға, музыка аспаптарына, спортқа деген құмарлықтан туындаған болар. Ауыл кітапханасындағы әдеби кітаптарды тегіс оқыдық десем өтірік болмас.
         Екеумізге де аға болып келетін Алпан Итжановтың домбырада Құрмағазы мен Тәттімбет күйлерін орындағанда бір сәт қиялға беріліп, үйренуге талаптандық. Алпекең мандолинада орыстың халық әндері мен билерін аса шеберлікпен ойнайтын, бір аспаптың үні емес, оркестрдің орындауындай үн шығатын. Мектептегі шекті аспаптар оркерстрінде музыка аспаптарының әр түріне ойнадық.
         1959-60 жылдары аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауында Алпан аға, Шайхан және мен (үшеуміз) екі домбырамен Тәттімбет күйлерін орындап, жүлделі орындарға ие болдық.
         Біздің жас кезімізде спорттық құралдардың тапшы уақыты. Кішірек допты көктемге қарай сиырдың түлеген жүнінен ширатып, домалақтап жасайтынбыз. Қыста қайқы таяқпен «хоккей» ойнағанда шайба добы  үшін жылқының  құмалақ қиын пайдаланушы едік.
         Шаңғы, конькиді аяғымызға жіп, қайыспен байлап бекітетінбіз.
         Алматыда оқып жүрген кезінде Шайхан спорттық жарыстарды барып көруге уақыт табатын. Әсіресе, «Қайрат» футбол комнадасының ойының жібермейтін жанкүйері болды.
         Бірде орталық стадионға еркін күрестен ел біріншілігін көруге бардық. Бірнеше рет еліміздің чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері Әбілсейіт Айхановтың өнерін көріп, тәнті болдық. Бұл жолы да Әбілсейіт аға биік тұғырға көтерілді. Жарыстан алған әсерінен Әбілсейіт Айханов туралы Шәкеңнің «Жауырыны жерге тимеген» деген кітабы дүниеге келді гой.
         Шәкең волейбол, футбол ойындарын біршама тәуір ойнайтын, үлкен сақасына нағашы атасы Жандай ақсақал қорғасын құйып, ыңғайлы етіп беретін. Сөз орайы келген соң, Жәкең туралы өзім кейін естіген бір әнгіме туралы айтпақпын.
         Жандай атамыз 1916 жылғы патша өкіметінің 19-43 жас аралығындағыларды соғыс майданыңдағы тыл жұмыстарына алуға шығарған жарлығына наразылық жасаған  «Алабас» көтерілісіне (бұрынғы Қаныш Сәтбаев атындағы созхоздың жері) белсене қатысқан. Осы көтерлісті басқарушылардың бірі Қартқожа Тоғанбаев болған.
         Жандай ата көзі ашық, орыс тілін біршама жақсы білетін, арабша сауаты да мол болған. Кейінгі латын, кириллица алфавитін де меңгерген адам. Нағашы әжесі Мақыш шешеміз таза, қолы ашық, ақжарқын адам еді. Бар дәмді-тәттісін бізден аямайтын. Балалары Нұрбай мен Майдан Ташкенттегі Орта Азия университетін бітіріп, Қарағанды көмір бірлестігінде қызмет істеп жүргенде әскерге алынып, екеуіде соғыста опат болады. Қыздары Шәкен 1953 жылы Үлгі мектебін бітіріп, Қарағанды педагогикалық институтын ойдағыдай аяқтап, ұзақ жылдар мұғалім болды.
         Шайханның әкесі Жұматай аса кіші пейіл, адамгершілігі мол, ақылды, парсатты адам еді. Көп жыл ауылдық кеңесте төрағаның орынбасары болып қызмет істеді. Ауылға келгенде, алдымен сол кісіге сәлем беретінмін. Шайхан туралы сұрап, ақыл-кеңес айтып, тілеуқор болып отырушы еді.
         Шайхан әр салада қалам тартқан қарымды журналист. Сондықтан көп ізденетін, керекті кітаптар оқитын. Жұмысты өндіртіп істейтін, қашанда көрсең, қағаздары шашылып жататын. Іссапарға жиі шығып тұратын, ауыл еңбеккерлерінің жетістіктерін шабыттана жазатын. Ел ішінде өнерге бейімі бар адамдарды қалайда іздеп тауып алып, газетке сұхбат алып, елге  әйгілеп таныстыратын.
         Ақжар ауылының тұрғыны Ақмадия Бейсенбеков туралы көлемді мақаласында аңшылықтың  қыр-сырын әнгіме етеді. Ахаңның орындауында облыстық радиокомитетінің қорында таспаға жазылған «Ардақ» әні бар екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Шакең отырыс-жиындарды басқарып, қолына баяны мен домбырасын алып тойдың сәнін келтіретін. Тәп-тәуір дауысы да бар, нақышына келтіріп Шәмшінің, Әсеттің әндерін орындайтын.
Үлкен қызы Баянның ұзатылу тойында көңілі өте көтеріңкі болып, Сайлау Нокин қобызбен, өзі баянын алып, маған домбырасын ұсынып, тойға келген құда-құдағиларды, ағайын-туыстарды ризашылық сезімге бөлеп едік. Осы отырысты әруақытта есіме алып отырамын.
Шайхан көп ойланатын, қиялшыл болатын, ой менің тынысым дейтін, ой үстінде соны пікірлер туындайды деп отырушы еді.
Өзімен қатарлас ауылдастары агроном, зоотехник, мал дәрігері, инженер-механик, құрылысшы, экономист, мұғалімдік мамандықтарын игерді. 1968-69 жылдары қатты қуаңшылық болып, ауылшаруашылығы үлкен қиыншылықтарды бастан өткерді. Жем-шөптің жеткілікті мөлшері дайындалмай, басқа облыстардан шөп-сабан дайындалып, тасылды. Әрине, бұл жұмыстар қыруар шығынды қажет ететін. Кеңшарылар үлкен шығынға батып, ауылдың жағдайы күрт төмендеді.
Осы жағдайларды көзімен көріп, ренжіңкіреп жүрген Шәкең маған: «маман емессіңдер ме, мына қиындықтан шығатын жағдайларды қарайластырмайсыңдар ма»- деп наразылығын білдірді. Әрине, бұл бір жылда істеліп, бітетін шаруа емес. Мал азығының берік қорын жасау үшін, өнім беретін екпе шөптерді көбейтуді, ескірген екпе шөптерді жыртып жаңартуды, сүрлем танаптарын көбейтуге көңіл бөлу керектігін айттым.
Кейіннен «Маман кеңес береді» деген мақаласы газет бетінде жарияланды.Кейінгі жылдары мал азығының берік қоры жасалып, шаруашылық жұмыстары қарқынды дами бастағанын көргенімде, осы іске Шәкеңнің тигізген азда болса еңбегі бар-ау деген ой санамда тұрды.
2009 жылы мамыр айында Шайханның 65 жасқа толуы қарсаңында аудандық мәдениет үйінде мерейтойлық еске алу өтті.
Келушілер көп болды. Шәкеңді білетін аудан тұрғындары жиналды. Туып-өскен Үлгі ауылының кәрі-жасы көптеп келді.
Шәкеңді еске алып туыстары, ауылдастары, достары, кызметтес болған азаматтар Шайханның адамгершілігін, кішіпейілдігін, біліктілігін, бауырмалдығын сөздеріне тиек кетті.
Мерейтойға Шайханның зайыбы Зағира мен балалары Шәкеңнің қол жазбалары негізінде «Жазушы» баспасынан басылған «Үркердей Үлгінің ұлы» кітабын әкеліп, келушілерге тарту етті.
Мерейтойды өткізуге бастама көтеруші аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арнайы «Шалқар шабыт иесі» деген Шәкеңнің өмір жолын баяндаған кітапша шығарғаны келушілердің үлкен ризашылық сезімін туғызды.
Аудандық мәдениет үйінің әншілері орындаған Шайханның «Үлгім менің» әні үлкен ықыласпен тыңдалып, ұзақ қол шапалақтаумен қошемет көрсетілді.
Жаның жәннатта болсын, қайран Шәкем!


ЮГОСЛАВИЯ ПАРТИЗАНЫ – БАЯНАУЫЛ ҚАЗАҒЫ

Бошай Қанапияұлы – Құлеке, Жәдігер ұрпағы, Жаңқа. 1906 жылы бұрынғы Қаныш Сәтбаев совхозының жерінде дүниеге келген. Жасынан тұрмыстың ауыртпалығын көп көрген. Ұлы Отан соғысы басталған соң, әскер қатарына шақырылып, Украин майданында ұрысқа қатысады. Харьков қаласы маңындағы қырғын соғыста ауыр жарақаттанып, жаудың қолына түседі.
Жарақатынан айыққан соң, немістің концлагерінен қашуды ұйымдастырады. Бір топ совет жауынгерлері тұтқыннан қашып шығып, Югославия жеріндегі Триест партизандар тобына қосылады.
Бұл партизан құрамасының ұйымдастырушысы Иосип Броз Тито болған. Совет адамдарынан батальон жасақтауға Тито бұйрық береді. «Кеңес адамдары біздің жауынгерлерге ерліктің үлгісін көрсетеді» - деді ол. 300-ден астам адамнан батальон құрылады. Дәл сол кезде Бейсен Раисов қызыл армияның сержанты болатын. Батальонға кімді командир етіп сайлаймыз дегенде өзгелердің офицерлік шен-шекпеніне қарамастан Тито Бейсенге тоқтаған.
-  Бейсеннің айтуынша, Тито: «Қазақ даласын 3 жыл паналадым. Бұл ұлтты жақсы білемін. Есепсіз ер емес. Қазақ есеппен, санамен соғысатын халық. Сержант болса да батальон командирі етіп Бейсен Раисовты тағайындаймын»-депті. Титоның бұл сенімін ақтауға Раисов та, батальондағы жауынгерлер де  бар күш-жігерін салады. Әсіресе, қазақ жауынгерлері ерліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Осы жауынгерлердің бірі жерлес ағамыз Бошай Қанапиянов еді.
Б.Қанапиянов, Б.Райсов
Бошай туралы Раисовтың әңгімесінен: «Бошай Қанафияұлы – еңгезердей қарулы жігіт. Көп сөйлемейтін, ақылды жігіт болды. Ержүрек, партизан өміріне жылдам көндікті. Батальонда арқа сүйейтін бірден бір адамым болды. Ең қиын деген тапсырмаларды орындауға сұранатын. Үнемі ұрыстарда немістің салмағы 15 килограмдық пулеметін, оның оқтарын лентасымен тұла бойын шандап алып жүретін. Бір шаршағанын көрген емеспін. Ерліктері үшін екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, жоғары қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталды.
Бошекең 1947 жылы аман-  есен елге оралып, Төрткөл колхозында көп жыл мал бағып, жоғары көрсеткіштерге жетті. Елге қадырлы, парасатты Бошай аға өмірінің соңына дейін комбаты Бейсен Раисовпен сыйласып өтті, жылда бір - бірін қонаққа шақырысып, араласқан. Бошекеңді ақырғы сапарына шығарып салу рәсіміне Бейсекең алыс жерден келді.
Бошай ақсақалдың баласы Шилібай да әке жолын жалғастырған аяулы азамат. Көп жылдар мал маманы болып еңбек етіп, үлкен отбасының отағасы. Қазір де Төрткөл ауылында тұрады.
Осы бір әңгімеге бірден-бір қатысы бар мынадай мағұлматты күнделікті ақпарат құралдарын оқып отырып кездестірдім.
Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев жақында соғыстың аяқталуының 65 жылдығы қарсаңында Италияның Триест қаласында 104 кеңес жауынгерлеріне ескерткіш орнатылғанын, сол жауынгерлердің 36-ы қазақ екенін жазыпты. Сондай-ақ 23 жасында батальон командирі болған Бейсен Раисов және бір рота фашисті жер жастандырып, ерлікпен қаза тапқан 10 қазақ жауынгерлері жайындағы деректерге қанық болдым.
1945 жылдың сәуір айында Гитлер: «Оңтүстік әскер Берлинді қорғауға келсін» - деп бұйрық берген. Ал Тито әскерінің міндеті осыдан туындаған. Трест қаласының маңындағы Випава өзенінен бірде-бір фашисті солтүстікке қарай өткізбеу керек.
Бұл міндетті орындауда Бейсен Раисов басқарған батальонның орны бөлек еді. Әсіресе, аталған өзеннің бір өткелін барлауға барып, жауға тап болған 10 қазақ жауынгерінің ерлігі ел есінде.
- Оларды бүкіл батальон болып күттік. Келмеді, - деп еске алыпты Бейсен Раисов. - Барлаушыларды іздеуге шықтық. Сөйтсек, барлауға шыққан 10 қазақ жауынгері 150 адамы бар жаудың бір ротасына тап болыпты. Көпірден өткізбейміз деп серттескен-ау шамасы. Жаудың бүкіл ротасын қырып, өздері де мерт болыпты.
Соғыстың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Қалмұқан ақсақал Қазақстан және Италия үкіметіне хат жазады. Қазақтың ер халық екенін көрсете білген дәл осы 10 қазақ барлаушыларына арнап Триест қаласында ескерткіш қою керектігін айтып.
Аталған батальон Югославияның Словения республикасының жерінде соғысқан. Яғни, жауынгерлерге қатысты қандай да бір құжат Словенияның астанасы Любляна қаласында табылуы мүмкін деп.
Осылай іздестірілудің арқасында Триест қаласы үшін қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің тізімі табылады.
104 адам екен, оның 36 - ы қазақ. Осы жауынгерлерге арнап 25 сәуір күні ескерткіш ашылған. Бірақ қарт жазушы ескерткішті ашу салтанатына белгілі себептермен бара алмаған.
«Ерлердің елеусіз қалмағанына Жеңіс жауынгерлерімен бірге біз де қуандық», - дейді Қалмұқан ата Исабай.
Ал 23 жасында Титоның сенімінен шыққан қазақ жігітінің өмірі қалай өрбіді?
Қалмұқан Исабаевтың айтуынша, Жеңіс туы желбірегеннен соң елге оралған Бейсен Раисов КГБ-ның қырына ілініпті. Оның үстіне Сталиннің «тұтқынға түскен адам жоқ, оның бәрі сатқындар» деген қатал үкімі бар. Ал Бейсен Раисов - Титоның қарамағындағы батальонды басқарған, әрі тұтқынға түскен жауынгер. Батальонды кім болды, қалай соғысты, барлық құжат Раисовтың қолында қалған.
КГБ «батальондағы жауынгерлердің тізімін бер» деп қысымға алады. Құжатты тапсырса, майдандастарының бәрі тұтқындалатыны анық. Мұны білген Раисов 1948 жылы бір түнде бар қағаздарын көтеріп, Ашхабадқа (Түркмения) кетіп қалады.
Қалмұқан Исабаевтың «Кейіннен мұндайлар болған» деген кітабы жарық көреді.
Бұл кітапта Бейсен Раисов туралы кеңінен жазылған.
Соғыс біткен соң Ильменау қаласының комендаты қызметін атқарған Қалмұқан Исабаев: Абайдың Гетеден аудармасы бар емес пе? «Қараңғы түнде тау қалғып» деп басталатын. Гете бұл өлең жолдарын дәл осы Ильменау қаласында жазыпты.
Қалада Гетенің мұражайы бар екен. Сол мұражайға қаланың комендаты болып тұрғанда Исабаев мұражайға Абайдың аудармасын тасқа қашап жаздырып, ілгізіпті. Қазір Гетенің қаламынан туған өлең мен Абайдың қазақша аудармасы қатар тұр» - дейді  қарт жазушы Қалмұқан Исабаев.
«Жақсыдан шарапат» демекші Бошай аға туралы азғана естелік жазбақшы болғаным көп шындықтың бетін ашып берді.
Өмірлерінің ақырғы уақытына дейін тар жердегі достықтарын жалғастырған Бошай аға мен Бейсен ағаның бір-біріне сыйластықтары кімге болсын үлкен өнеге алатын іс.

ШӘКІРТ ҮШІН ҰСТАЗ РИЗАШЫЛЫҒЫ – ҮЛКЕН БАҚЫТ

1957 жылы Үлгі орта мектебіне арнайы жолдамамен Мұрат Көккөзов мұғалім болып келді. Оқу бітіріп келген жас маман бірінші ұстаздық жолын біздің сыныптан бастады. Сол кезде Мұрат аға жиырма жаста ғана екен. Біздерге математика, физика пәндерінен сабақ беріп және сынып жетекшілігін де атқаратын болды.
Бірінші күннен-ақ жас мұғалімнің сабақ беру тәсілдері, тақырыпты жете түсіндіру жолдары оқушыларды қызықтыра түсті, пән сабағына деген ықыласымыз ерекше болды. Нәтижесінде бірінші тоқсан қорытындысында сынып оқушыларынан математика пәнінен үлгермеушілік болмады.
Мұрат аға мектепте алғаш рет еркін күрестен секция ашып, оқушыларды палуандық өнерге баулыды. Ер балалардың көбі күрес секциясына жазылып, күнделікті жаттығуларда күрестің сан-қырлы айла-тәсілдерін үйренді. Сабақ үлгерімі мен тәртібі нашар балалар секцияға алынбады. Осы жағдайды дұрыс түсінген оқушылар сабаққа дайындығын мұқияттап, тәртібін түзей бастады. Міне, күрестің тәрбиелік мәні артып, аға бүкіл ауыл адамдарына сыйлы болды.
Мұрат ағаның өзі де еркін күрестен қала, ауданаралық біріншіліктерде жүлделі орындарға ие болған. Еркін күрестен спорт шебері. Сол күздерде еркін күрестен еліміздің өз салмақ дәрежелері бойынша чемпиондары Қабден Байдосов, Амангелді Ғабсаттаров, Трунинді біледі екен, ол кісілер туралы қызықты әңгімелер айтатын.
Өзінің шәкірттері Қырықбай Мәжікенов, Айтбай Қайырбеков аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарда болды.
Бір сөзбен айтканда, балалар Мұрат ағаға еліктеп, мектеп бітіргесін жоғары оқу орнына түсіп, білімді, өнерлі  азамат болуды армандайтынбыз.
Мұрат аға өмірлік қосағын да біздің ауылдан тапты. Елге сыйлы Айткен аға Арыстанбековтың мұғалима қызы Алмаға үйленді.
Мектеп бітірген соң Мұрат ағамен арадағы қатынасымыз біраз уақыт болған жоқ.
Оқу бітіріп келіп, ауылда жұмыс істеп жүргенде ағаның келгенін естіп, барып сәлемдестім. Жағдайымды сұрап қатты қуанды. Кейінгі жылдары да ауылға  жолы түскенде жолығып жүрдік. Көп жылдар «Киікті», «Мойынты» ауылдарының мектептерінде директор болып істеді. Қайрақтыда поселкелік Кеңестің төрағасы болған. Облыстық  «Орталық Казақстан» газетінде естеліктері, әңгімелері жарияланып тұрды.
Кәрсен-Керней шежіресіне деректер жинақтап, баспаға дайындап, жарыққа  шығаруға еңбектенген  азаматтардың бірі болған.
«Баланың бағы – баршаның қамы» деген кітабында көп жылғы ұстаздық тәжірбиесінен алған бала тәрбиесін, жақсы адами қасиеттердің қалыптасуын,  адамдардың қарым-қатынастарын, ұлттық салт-санамызды сақтауда жастардың алатын орнын түсінікті етіп баяндаған.
Шет ауданының құрметті азаматы.
Отбасында төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, бәрі де, оқып, мамандық иелері болып, өмірден өз орындарын тапқан. Үлкен қызы Ардақ көп жыл Жезқазған қаласында мектепте мұғалима. Саматы Абай ауданы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істеді.    Полиция подполковнигі, қазір құрметті демалыста. Саяты Жезқазғанда «Қазақмыс»-та жүмыс істейді. Кенже қызы Айнұр-бухгалтер-экономист.
Мұрат ағай ауылға бір келгенде кеңшар кеңсесіне келіп, біраз әңгімелескен едік. Сол сұбхат желісінде 1993 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде «Алғысқа лайық азамат» деген мақаласы басылды. Ол мақаласында мен туралы жазылған екен. Ұстазымның маған деген ризашылығы мен үшін өте қымбат еді.
Қағаздарымды реттеп отырып, сарғайған газет қиындысына көзім түсті. Он жеті жыл   бұрынғы сүйікті ұстазым Мұрат Көккөзов ағаның облыстық газетке шыққан мақаласы екен.
Қазір Мұрат аға бақилыққа көшкен. Сол кісіні есіме алып, аруағына құран оқып, жаны жаннатта, иманы кәміл болсын айтып, мақаланы сол қалпында жазып жүрген естелік  кітабыма енгізуді жөн көрдім.

Алғысқа лайық азамат

Мен 1957-61 жылдар аралығында Варошилов (қазіргі Бұхар жырау) ауданындағы Үлгі колхозында ұстаздық қадамымды бастаған едім. Кейін Үлгі колхозы мен Бабаев колхозы біріктіліп, Бабаев атындағы совхоз құрылды. Жиі болмаса да ара-тұра елге келгенде ауылдың амандығын сұрастырып, жақсы хабар естігенде қуанып жүремін. Әсіресе, Жеңіс Шәдетов совхоз директоры болғаннан бері ауыл жағдайын көп сұрастыратын болдым. Оның да өзіндік себебі бар.  Жоғарыда Үлгі колхозында мұғалім  болғанымды айттым. Сол жылдары Жеңіске класс жетекші болғам, әкесі Жұмаш ақсақалмен қатты сыйласып, анасы Қапса шешейдің қолынан талай дәм татып, көрші тұрған едік. Жеңістің орта мектепті медальмен бітіріп, үлкен үміт арқалап Алматыға аттанғаны да көз алдымда.
1993 жылдың тамыз айы. Ульянов ауданының жұртшылығы Бұқар бабамыздың 325 жылдық тойына жиналатын қонақтарды қарсы алуға дайындалу үстінде. Совхоздағы басшы азаматтар баба тойы қамымен ерте кетіп, кеш қайтып жүр екен. Осы жолы Жеңіспен қалайда уақыт тауып, кездесуді өзіме парыз санадым.
Ауыл адамдары малдарын өріске шығарып жатқан таңертеңгі тіршілік. Жеңіс екеуіміз    кеңсе ауласында сәлемдесіп, ішке беттедік. Кіре берісте екі-үш кісі күтіп тұр екен, кеңсеге бізбен бірге еніп, жұмыстарын бітіріп кетті.
Байқап отырсам, бұл Жеңіс екеуіміздің көп уақыттан кейінгі кездесуіміз екен. Шашына қырау қонақтай бастаған шәкіртімді таяуда ғана аталып өткен 50 жылдық мерейтойымен құттықтадым, қызметіне қайырлы болсын айтып, өзі басқарып отырған шаруашылыққа табыс тіледім.
Осылайша басталған әңгімеміз бір сағаттан астам уақытқа созылды. Ара-тұра кейбір мәселелерді анықтап алу мақсатында сауал тастағаным болмаса, еңдігі әңгіме тізгіні Жеңістің қолында болды.
Ол мектеп бітірген жылы Алматыдағы малдәрігерлік-зоотехникалық институтына түседі. Оны ойдағыдай аяқтаған соң институт басшылары оған ірі қара малы кафедрасына оқытушылық жұмысқа қалуды ұсынады.    Бірақ Жеңістің жүрегі туған ауылында еңбек етуді қалайды. Ауылда жүріп әскер қатарына аттанады. Отан алдындағы міндетін өтеп оралған соң, Үлгі бөлімшесінде зоотехник, сегіз жыл Пушкин атындағы совхозда, одан Бабаев атындағы совхозда бас зоотехник болып істейді. Кейін совхоз директоры болып тағайындалады.
Жеңіс директорлық қызметке кіріскенде егіс көлемі 16 мың гектар екен. Қазір оның көлемі 20 мың гектарға ұлғайтылған. 1992 жылы гектар басына 12 центнерден өнім жиналып, мемлекетке 14 мың тонна астық тапсырылған. Сол жылы мал шаруашылығында да жақсы табыстарға қол жеткен. Соның нәтижесінде шаруашылық 1992 жылды 60 миллион сомнан астам таза пайдамен аяқтаған.
Мұның өзі талай жылдан бері қордаланып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашқан. Мәселен, өткен жылы совхоз орталығында екі пәтерлі 15 үй салынып, 30 отбасы қонысмай жасаған. Қазір Үлгі ауылы жаңадан салынып жатыр. Орталықтағы автогараж, клуб үйі күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтіліп, қосымша 500 орындық көрермендер залы салынып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Төрткөл бөлімшесінде жаңа үлгідегі мектеп үйі салынуда. Бір  қуанарлығы, осы құрылыстардың барлығы совхоздың қаражатына, ауыл тұрғындарының күшімен салынуда.
Ауыл тұрғындарының    қамын ойлаған Жеңіс жақында Алматыдан 16 тонна күріш алғызыпты. Оны көп балалы отбасыларына, мүгедектерге тегін беру, ал басқа тұрғындарға арзан бағамен сату жоспарында екен.
- Ауылда жекеменшік мал көп-деді Жеңіс әңгіме арасында-совхоз тұрғындарының қолында 5000 қой, 2000 жылқы, 2500 ірі қара бар. Бұл үлкен байлық. Өйткені жекелеген адамдар ауқатты тұрса, шаруашылықтың жағдайы жаман болмайды. Жеке меншіктің малына совхоз малындай көңіл    бөлеміз. Көктемде мал бағуға малшылар бөліп, мал бағатын аттармен, ер-тұрмандарымен, жайылымдағы су мәселесін де шешеміз. Бәріне де қысқа жеткілікті жем-шөбін арзандатылған бағамен береміз. Қыс айларында халыққа отын-суын уақтылы жеткізіп беріп отырамыз.
Шаруашылықтың жылма-жыл мол табысқа кенелуінің бір сыры-мамандар арасында «сен кімсің» дейтін адамы жоқ.  Өндірістің негізгі буынындағы мамандардың бәрі осы ауылдың тумалары. Кішілері, үлкендерін аға деп сыйлайды, ұлкендері кішілерін іні деп бауырға тартады. Мұндай ынтымақтың қашанда ырысқа кенелетіні белгілі ғой.
- Алғаш директорлыққа тағайындалғанда-дейді Жеңіс әңгімесін одан әрі сабақтап-өз ауылымда басшылық қызмет атқару қиын болмас па екен деп қауіптендім. Бірақ бекер күдіктенгем екенмін. Халқымызда «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар ғой.  Әкейді  көрген, ол кісімен қызметтес болған ағалар қиналған шақтарымда қол үшін берді, қиын істің орайын табуыма көмектесті.
Иә, «Әке көрген – оқ жонар» деген. Жеңістің  әкесі өзім жақсы білетін Жұмекең кезінде атқа мініп, ел басқарған, бүкіл аймақ құрметтеген азамат болған. Сонау колхоздастыру кезеңінде қызметке араласқан еті тірі Жұмекең бүкіл саналы ғұмырын ауылшаруашылығын өркендетуге жұмсаған. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда колхоз басқарып, туған ауылын өркендетуге елеулі үлес қосқан.
Әңгіме арасында Жеңіске мынадай бір сұрақ қойдым: - Құдайға шүкір, еліміз егемендік алғаннан бері жоғымызды түгендей бастадық. Былтыр Қабанбай, Бөгенбай батырларға арнап ас бердік. Биыл Бұқар жырау бабамыздың 325 жылдық тойына әзірленіп жатырмыз. Әрине,  бұның бәрі құптарлық іс. Бірақ кейбір адамдар - «тойды көбейтіп жібердік. Оған жұмсалатын қаражатқа үй, мектеп, аурухана неге салмасқа?» - деген пікір айтып жүр. Осы мәселе төңірегіндегі өзіңнің пікірің қандай?
Жеңіс ойын жинақтағандай сәл кідіріп  барып жауап қатты:
- Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар ғой. Жетпіс жылдан астам уақыт құйтырқы саясаттың жетегіне еріп, бабаларымыз ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған талай асылдарымыздан көз жазып қалдық. Тәуелсіздік алғаннан  бері ғана тарихымызды түгендей бастадық. Сонау замандарда еліміздің тұтастығы үшін күрескен атақты батырларымыздың, еліміздің бірлігі үшін шаршы топтың алдына шыққан азулы билеріміздің болғанын енді ғана біліп жатырмыз. Меніңше, халқымыздың   санасы оянып, өткен мұраларға бет бұра бастаған қазіргі шақта бабалар тойына жұмсалатын аз ғана шығынды сөз етудің қажеті жоқ. Бүгін өткізіліп жатқан тойлардың келешек ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор.
Әңгіме  барысында Жеңістің отбасы жағдайы туралы да біліп алдым. Жұбайы мектепте мұғалім болып істейді. Үлкен қызы Алмагүл университетті үздік бітіріп, сонда оқытушылық қызметке қалыпты. Екінші баласы Абзал әке жолын қуып Ақмола ауылшаруашылық институттында оқиды. Одан кейінгі ұлы әскер қатарынан оралып, ауылда еңбек етіп жүр. Үшінші ұлы Мұхтар университетте оқиды, ең кенжесі-Баян балабақшада.
Бабаев атындағы совхозды аз күн аралап, кешегі өзімнің шәкіртім Жеңістің тындырған істерін көргенде көңілім марқайды.
Ұстаздық жүректен «Ләйім, ауылдастарыңның  ақ батасына бөлене бер Жеңіс» дедім.
Мұрат Көккөзов.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.

  




4 комментария:

  1. Отан от басынан, ат төбеліндей ауылдан басталатындықтан, Үмітекр ауылы жайлы бар жинақталған басылымдарды беруді жөн көрдік.

    ОтветитьУдалить
  2. Өте тамаша.Ұлы тұлғаларды көріп,бір марқайып қалдық.

    ОтветитьУдалить